Жүк көліктері жүргізушілерінің назарына: Қайғылы оқиғаның алдын алу үшін не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүк көліктері жүргізушілерінің назарына: Қайғылы оқиғаның алдын алу үшін не істеу керек?

24.04.2025

Қайғылы оқиғаларға көбіне жүк көліктеріндегі «blind spot» деп аталатын яғни, жүргізушілерге көрінбейтін кеңістіктер себеп болады. Қайтпек керек? Ернұр Медет жауап береді.

Ернұр Медет, тілші:

Ел арасында жүк көлігінің жүргізушіге көрінбейтін тұсын «соқыр аймақ» дейді. Себебі үлкен габаритті техникалардың алдыңғы бөлігі, бүйір тұсы мен артқы жақтарындағы көзге түспейтін жерлерінің кесірінен қайғылы оқиға болуы мүмкін. Ал осы қауіптің алдын алу жолын, біз жасанды интеллектіге негізделген платформадан сұрап көрдік. Мәліметке сүйенсек, ең тиімді шешім - жүк көліктеріне қосымша айналар мен камералар орнату. Мәселен, панорамалық айна. Ол көліктің төменгі көрінбейтін бөлігін көрсетеді. Жүк көлігінің алдыңғы және бүйір тұсын еш кедергісіз көре аласыз. Бағасы: 5000-15000 теңге аралығында. Сонымен қатар артқы көріністі ашық көруге арналған арнайы камера мен мониторлар да қоюға болады. Бұл аулада немесе тар көшелерде соғылып қалмаудан сақтайтын таптырмас құрылғы. Айналадағы ойын балаларын бірден байқауға мүмкіндік береді. Бағасы: 25 000-нан 60 000 теңгеге дейін. Бұл ұсыныстарды автосарапшылар да құптап отыр.

Арман Ашмұханов, автосарапшы:

Қазіргі дамыған заманда «соқыр аумақты» көріп тұратын, барлық адам көзіне көрінбей қалатын заттарды көріп тұратын құрылғы салуға болады. Автокөлігі ақшаны жақсы табады. Енді сол бір 100 мың теңге жұмсаса, ол ертең өзіне 100 есе боп қайтып келеді ғой. Осындай апаттық жағдайлардан сақтап қалуы мүмкін. Бір жағдайдан сақтап қалса, оның өзі ақталды деген сөз ғой.

Ернұр Медет, тілші:

Дәл осы тұрғыда АҚШ бізге үлгі болмақ. Алпауыт мемлекеттің ауыр жүк көліктеріне қойылатын талаптары қатаң. Ең бірінші, жаңа біз атап өткен қауіпсіздік құрылғыларын орнатуы міндетті. Екінші, алып техниканы тізгіндейтіндер алдымен қауіпсіздік курсынан өтеді. Әрі жиі инспекциялық тексерістер жүргізіледі. Үшінші, Вашингтонда тұрғын үй аулаларында жүк көліктерінің қозғалысы шектелген.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу