Бөкейхан ауылының тұрғындары 18 жылдан бері өзен суын ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бөкейхан ауылының тұрғындары 18 жылдан бері өзен суын ішіп отыр

22.04.2025

Атырау облысындағы Бөкейхан ауылының тұрғындары өзен суын ішіп отыр. 400-дей түтіні бар ауыл 18 жылдан бері тіршілік нәрінен тарығып келеді. Осыдан 6 жыл бұрын бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, жаңа су құбырының құрылысы басталғанымен әлі іске қосылмады. Шалғайдағы жұртшылықтың жайын әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт жеткізеді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Ауылдықтарды әзірге осы көлік қана құтқарып тұр. Күніне бір рет су әкеліп, құдықтарды толтырады. Көпшілік тіршілік нәрінің әр тамшысын үнемдейді. Себебі осы суды асқа да, жуынуға да, мал суару және басқа да қажеттіліктеріне пайдаланады.

Бөкейхан – Құрманғазы ауданында шеткері жатқан шекаралық аймақта орналасқан ауыл. Мұнда 400-дей үй, 1800-дің шамасында тұрғын бар. Олардың барлығы суды өзеннен тасып ішеді. Ауыл тұрғыны Яков Исмагулов аптасына екі рет құдығын арнайы техникамен толтырып алады.

 Яков Исмагулов, Бөкейхан ауылының тұрғыны:

Сол құдықтан  мотор қондырып алып пайдаланамыз. Шелекпен тасимыз. Негізінен оны ішуге пайдаланамыз ғой, егін көп еге алмаймыз. Аздап-аздап шамалы бірдеңе егеміз. Неге десеңіз су тасу қымбаттау ақшаға шығады.

2-3 күн сайын құдыққа су толтыру ауыл тұрғындарына оңай емес. Өйткені су таситын көлік бір қатынағанда 4 мың теңге алады. Әкімдік мәселені шешу үшін осыдан 6 жыл бұрын ұзындығы 21 шақырым жаңа су құбырларын тартуды бастаған. Алайда жұмыс әлі бітер емес. Өйткені жоба жасақталғанымен құрылыс 4 жыл тұралап жуырда ғана жанданды.

Жомарт Қауысов, мердігер мекеме өкілі:

Біздер қазір құдықтардың ішіндегі  задвижкаларды жинап, үйге бағытталған тұрбаларды қосып жатырмыз. Соларды дайындап жатырмыз. Іштерін жинақтап.

Қазір мердігер Бөкейхан, Кудряшов ауылдарында жұмыс істеп жатыр. Құбыр тартумен қатар су тазарту ғимаратының құрылысы да қатар жүруде. Материал жеткілікті. Әкімдіктегілер ауыл көп ұзамай сумен қамтылады деп сендірді.

 Мұратбек Мұхитов, аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

Құрылыс монтаж жұмыстары 2025 жылдың қазан айында аяқталады. Жоба құны 1 млрд 213 млн 413 мың теңге. Қазіргі уақытта су құбыр желілерінің 80 пайыз жұмыстары жүргізілді.

Жалпы облыстағы елдімекендердің түгелі дерлік ауыз сумен қамтылған. Бірақ 10 шақты елдімекен әлі күнге дейін тіршілік нәрінен тарығып отыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу