Енді марафон ұйымдастырушыларға талап күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді марафон ұйымдастырушыларға талап күшейеді

21.04.2025

Енді марафон ұйымдастырушыларға талап күшейтіледі. Бұқаралық спортты өткізу тәртібі, медициналық қамтамасыз етілуі мен қауіпсіздік регламенті жіті қадағаланады. Туризм және спорт министрілігі осылай деп отыр. Тексеріске себеп – Алматыдағы марафон кезінде екі адамның өліміне әкелген қайғылы жағдай. Халықаралық шараны ұйымдастырушылар қос қатысушы да бұрын марафонға бірнеше рет қатысқанын айтып отыр. Жазатайым оқиғаға не себеп? Айдана Қуантхан анықтап көрді.

Марафон кезінде көз жұмған 84 жастағы Аққоян Рсалиев Қызылорда облысынан арнайы келген екен. Ал небәрі 21 жастағы Нұрбол Ахмадидің мәреге 5 шақырым қалғанда денсаулығы сыр берген.

Замира Қазақбайқызы, марафонға қатысушы:

Жүгіру барысында жас жігіттің жерде жатқанын көрдік. Бірақ біз есінен танып қалды деп ойладық. Одан кейін медициналық жасақ, көмек көрсеткен көлік тұрды.

Алдын ала болжам бойынша, екі марафоншыға да өкпе артериясының бітелуі диагнозы қойылды. Шараға он мыңнан аса адам қатысқан. Ұйымдастырушылар марафонға тіркелу кезінде қатысушылардан медициналық анықтама талап етілгенін айтып отыр.

Салтанат Қазыбаева, Almaty half marathon директоры:

Бұл марафонға кез келген адам қатыса алады. Жас шектеуі жоқ. Әр қатысушы өз денсаулығынына толықтай жауапкершілік алып, қолхат жазады. Қайтыс болған қос марафоншы да 21 шақырымды еңсеруі тиіс еді. Оларға жедел жәрдем дереу жеткенімен, дәрігерлер өмірін сақтай алмады. Марқұмдардың отбасына материалдық көмек көрсетіледі.

Десе де кейбір қатысушы талапты сақтай бермейді, сондықтан арты қайғылы жағдайға ұласады, дейді спорт маманы.

Қалдар Унтаев, Қазақ спорт және туризм академиясының кафедра меңгерушісі:

Дайындықсыз немесе қандай да бір машықтанусыз жеңіл атлетика түрімен шұғылдану өте қауіпті. Ал қатысу үшін кемінде бір ай сол қашықтықты өте алуына жеке машығы керек. Себебі марафон ғана емес, 1000 метрге жүгіргеннің өзінде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Ұстамасы ұстап қалуы мүмкін немесе бірден қан қысым көтерілуі мүмкін.

Осы ретте Туризм және спорт министрлігі бұқаралық спорттық шаралар бұдан кейін қауіпсіз әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы қатаң қадағаланатынын ескертті.

Айжан Жолдасбекова, ҚР Туризм және спорт министрлігі ресми өкілі:

Толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтеді. Бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті органдарға жолдайды.

Ал екі адамның өліміне әкелген қайғылы жағдайдың нақты себебі сот-медициналық сараптамасынан кейін белгілі болады.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу