Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысқан Президент осылай деді. Жалпыхалықтық акция аясында бүгінге дейін атқарылған жұмысты қорытындылап, белсенді жастарға алғысын айтты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев экофестивальге арналған көрмені тамашалап, тың жобалармен танысты. Оңғар Алпысбайұлы тарқатады.
Иә, тазалық әр адамнан басталады. Президент қолына күрек ұстап, экобелсенділермен бірге Астана қаласындағы «Жастар» саябағында ағаш екті.
Президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады
«Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 млн-ға жуық көшет егілді. Одан соң Президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады. Мәселен, 5-сынып оқушылары Нұрбақыт Ермекұлы мен Айзат Ержанқызы Президентке Есіл өзенін тазалап, сақтауға қатысты жобаларын таныстырды.
Оқушылар Президентке «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған шығармашылық байқау жеңімпазының суреті салынған жейде мен шопер сыйға тартты.
Жамбыл облысынан келген компания гранит тастан үй жиһаздарын жасауды бастаған. Құны арзан, экологиялық таза өнімге сұраныс артып келеді, дейді олар.
Әмір Мұхтар, компания өкілі:
Мыналардың бәрі тастан жасалған. Оған 80 пайыз тас, 20 пайыз пласификат қосылған. Пласификат ол майысу үшін, ыңғайлы болуы үшін. Мынау жұп-жұмсақ нәрсе. Тастан жеңіл.
Қоқыс өңдеу зауытын салу – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Президентке таныстырылған жобалардың ішінде Алматы облысында іске қосылған кәсіпорын бар. Жылына 320 мың тонна қалдықты және полигонға жиналған 350 мың ескі қоқысты кәдеге жаратады.
Мәдина Толмачева, жоба жетекшісі:
Коммуналдық, қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының барлығын өңдейміз. Алдымен сұрыптап, одан биогаз бөліп аламыз. Одан соң оны электр энергиясына айналдырамыз. Қазір Алатау қаласында зауыттың құрылысы басталды. Құрылғыларды да сатып алып қойдық.
ХХІ ғасыр – гаджеттердің дәуірі. Олардың қуат көзі қоқысқа тасталса, қоршаған ортаға зияны орасан. Қазір әлемнің 193 елінің тек 29-ында ғана литий-ионды батареяны қайта өңдеу зауыты бар. Солардың бірі Қазақстанда жұмыс істеп тұр.
Рустам Юнусбаев, кәсіпкер:
Барлық батареяны біз 96-97 пайызға дейін өңдейміз. Яғни оның 3-4 пайызы ғана жарамсыз қоқыс ретінде лақтырылады. Ал қалғанынан біз мыс, аллюминий және құрамында никель, литий сияқты сирек кездесетін металы бар қара ұнтақ бөліп аламыз.
Жастармен және экобелсенділермен кездесуде Президент «Тазалық» фестивалі тағылымға толы іс-шара екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тазалық – мән-мағынасы өте терең, киелі ұғым. Таза болу дегеніміз - ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау деген сөз. Бұл - ішкі мәдениеттің көрсеткіші. Сондықтан мен тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы керек деп, үнемі айтып келемін. Қазір де қайталап айтамын. Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегін де ерекше атап өтті. Табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни сіздер үшін жасалуда.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспарын таныстырды. Биыл шаһарда 1 млн түптен астам жасыл желек егу, өзен арнасын тазалау сияқты жұмыстар жоспарланған.
Оңғар Алпысбайұлы, Тілші:
«Таза Қазақстан» бұл жай ғана ұран, бірреттік акция немесе көше тазалау акциясы емес. Бұл – тұтас қоғамның мәдениеті, тәрбиесі мен ғылымның бір арнада ұштасатын жері. Бүгінгі көрмеде таныстырылған әрбір жоба таза Қазақстанымызды болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырудың тың тәсілдерін көрсетіп берді.
Оңғар Алпысбайұлы
