Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш екті. Айта кетелік, «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Бұдан бөлек, президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады. Мұнда қоршаған ортаны қорғауға арналған тақырыптарда шығармашылық жұмыстар қойылған.
Сондай-ақ Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушылары Президентке Есіл өзенін тазалап, сақтауға қатысты жобаларын таныстырды. Ал атыраулық оқушы суды үнемдеуге үндейтін суреттерін көрсетті. «Таза Қазақстан» бастамасы бойынша ұйымдастырылған шығармашылық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам оқушы қатысты. Мемлекет басшысына байқау жеңімпазының суреті салынған жейде мен шопер сыйға тартылды. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жұмыстарына жоғары баға берді.
Азамат Бейбітұлы
