Колледждер мектеп оқушыларын кәсіптік-техникалық білімге баулиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Колледждер мектеп оқушыларын кәсіптік-техникалық білімге баулиды

17.04.2025

Енді колледждер мектептің жоғары сынып оқушыларын кәсіптік-техникалық білімге баулиды. Бұл бастама «Бір мектеп – бір дағды» жобасы аясында іске асып жатыр.

Әр колледжге бір мектеп бекітілген. Бірінде шаштараз, енді бірінде аспаз, дәнекерлеуші сынды сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар өткізіледі. Мәселен, Астанадағы Технологиялық колледжде оқушылар тігінді үйреніп жатыр.

Әнел Аман, №8 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы:

Біз бірінші күні оюлар сыздық, соны қырқып, дайындадық. Ал екінші күні біз сәукеле жасап отырмыз. Өте жақсы өтіп жатыр.

Меңдігүл Жабайқызы, Технологиялық колледж директорының орынбасары:

«Бір мектеп – бір дағды» жобасы биылдан бастап ашылды. Қамтылған оқушылар саны елордалық мектептер ішінде №65 мектептен 25 бала және №8 мектеп-лицейінен 25 бала. 50 баланы қамтып отырмыз. Үйірмеге балалар аптасына бір рет келеді.

Жоба елдімекендер мен ауыл-аймақтағы мектептерді де қамтиды. Ең алдымен колледж бен мектеп оқытушылары бірлесіп, оқу жоспарын құрады. Соған сәйкес курстың ұзақтығы белгіленеді. Толық аяқтап шыққан түлектерге сертификаттар табысталады.

Әсел Рақымжан, Оқу-ағарту министрлігінің «Талап» КЕАҚ жобалық кеңсесінің басшысы:

17 өңірде 2 мың оқушыны қамтып, колледж қабырғасында кәсіптік дағдыны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Бұл жерде тек жоғары сынып оқушылары ғана емес, ауылдағы жұмыссыз жүрген жастарға да белгілі бір дағдыны игеру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүгінде мектептерде кәсіптік бағдар беруші маманы тағайындалған. Әрі 9-сынып бітірген оқушыларға 4 колледж таңдау мүмкіндігі қарастырылыпты. Осылайша жұмысшы мамандықтарға қызықтыру және баулу жан-жақты жүргізіліп жатыр.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу