Абай облысында кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар берілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар берілуде

16.04.2025

еңбек адамдары грант алып, кәсібін дөңгелетіп отыр

Абай облысында мемлекеттен миллиондап қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткендер көбейіп келеді. Тек бір ғана «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы ісін енді бастағандарға былтыр 300 миллион теңге бөлінген. Енді мамандар ауылды жерде тұратын шағын және орта бизнес өкілеріне қолдау көрсетеміз деп отыр.

Мақаншы ауылының тұрғыны Сәкен Жаппаров бірнеше жыл бұрын шағын ғана шеберханада жиһаз жасауды бастаған. Қазір ісі оңға басып, үйінің жанынан өнімдерін сататын дүкен де ашты. Бірнеше адамды жұмыспен қамтыған. Енді сұраныс артқан сайын бизнесін мемлекет қолдауымен одан әрі дамыта түспек.

Сәкен Жаппаров, кәсіпкер:

Бір жерден бөлме жалға алдық. Содан әрі қарай бір «УАЗик» алдық. Кәсіптің ең бірінші қағидасы - өте ерте тұру керек. Жай жатып, бар күшіңді салуың керек. 

Ал Жанна Аманова 1,5 миллион теңге грантқа кішігірім тігін цехын ашты. Арнайы курстан өтуге де мемлекеттік бағдарлама көмек болды дейді. Қазір нәпақасын осы кәсіптен тауып, отбасын асырап отыр. Біртіндеп шеберханасын кеңейтпек ойда.

Жанна Аманова, кәсіпкер:

Шешемнен қалған өнер ғой. Өзі ою, көрпе-жастық тігетін. Соны қарап, бала кезден қызығып өстік. Тіге бердік. Тігіп үйреніңдер деп айтатын ғой анамыз. Басында көрпе-жастық қана тігетінмін. Қазір сұраныс көп. Сөмке тігу керек, қазақ үйдің жабдықтарын сұрайды.

Биыл «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 204 адамға қайтарымсыз 1,5 млн теңге беру жоспарланған. Кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауға арналған одан өзге де бағдарламалар бар дейді мамандар. 

Мұрат Мәлікаждар, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

 Өңірлік «Қамқор» атты бағдарламамыз бар. Бұл бағдарлама арқылы кәсіпкер 7 пайыздан 10 пайызға дейінгі несе ала алады. Әр кәсіпкердің өзінің кепілдігі болуы керек. Егер кәсіпкер қоя алмай жатса, мемлекет өз тарапынан кепілдік қойып бере алады. 100 миллион теңгеге дейін кредиттер беріледі. Оның осы жылғы бөлінген соммасы 600 милионнан асады.

Жыл басынан бері өз жобаларын ұсынып, 5 миллион теңге қайтарымсыз грант иеленгендердің саны 20-дан асқан. Алда мұндай гранттар әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері алады. Яғни, оған ауылда тұрып, өнім өндіріп отырған шаруалар қатыса алады. 

 Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу