Шымкент қаласы емдеу ісінде жоғары технологияға ие және білікті дәрігерлер шоғырланған медициналық орталыққа айналып келеді. Мегаполис ауруханаларында былтырдың өзінде шетел азаматтарына 150-ге тарта аса күделі операция жасалған. Дертіне шипа тапқандардың дені Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей мен Швейцария азаматтары.
Тәжікстан азаматы Абулахай Қасымов шымкенттік дәрігерлердің арқасында аман қалды. Инсульттан соң мидағы қан тамырларының бірі бітеліп, мүгедек болып қала жаздаған науқасқа 4 сағат бойы операция жасады. Нейрохирургтар медицинадағы ең озық тәсілдерді қолдана отырып, миға қосымша тамыр жалғады.
Абдулахай Қасымов, Тәжікстан Республикасының азаматы:
Қан қысымым қайта-қайта көтеріліп мазам кеткен соң тәжікстандық дәрігерлер Қазақстанда операция жасатуға кеңес берді. Телефонмен байланысып, осында келдік. Операциядан шыққаныма бір жетіге жуықтады. Қазір жағдайым жақсы. Басымның айналғаны да қойды. Өзімді жақсы сезіне бастадым.
Шымкентте былтыр 148 шетел азаматына осындай күрделі ем жасалды. Олардың дені нейрохирургия, ортопедия, кардиохирургия, трамвтология және тарансплантологиялық операциялар.
Марат Құлмұрзаев, дәрігер-нейрохирург:
Инсульттен кейінгі жағдай, миды қоректендіретін тамырлардың іштен бітеле бастауы, атеросклероз дейді. Оған қосымша бас миындағы ісіктер, қиын жерде орналасқан ісік болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайда олар таңдау жасап, бір-бірінен естіп, осында ота жасатып кетіп жатыр.
Жергілікті дәрігерлердің мұнан бөлек ағзаға трансплантация істей бастағанына да 10 жылдан асты. Осы мерзім ішінде бүйрекке жасалған 200-ден астам отаның 95 пайызы сәтті аяқталып, науқастардың өмірі ұзарған.
Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Одан бөлек қазір балалар ауруханасында жас балалардың жүрегіне операциялар бастадық. Биылғы жылы 3 ота шеберлік сағатымен жасалды. Енді біз соны әрі қарай жалғастырамыз.
Медициналық туризмнің дамуына емдеу ісіне инновациялық технологиялардың енгізілуі серпін берді. Бүгінде ауруханалардың озық құралдармен жабдықталуы 87 пайыздан асқан. Жыл сайын 130-140 маман Литва, Ресей, Түркия елдерінде біліктілік арттырып келеді. Оған қазынадан 400 миллион теңгедей қаржы бөлінеді.
Ғани Қалмахан
