Бүгін Парламенттің Мәжілісінде Салық кодексінің жобасы мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулер талқыланады. Дәл қазір Мәжілістің жалпы отырысы басталды.
Табыс бар жерде, салық бар, мәселе - мөлшерінде. Үкімет ұсынған Салық кодексі ел арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Президент Үкіметке Салық кодексі жобасын ұсынуды тапсырды. Ең бастысы ол ашық әрі түсінікті болуы керек деді. Бірақ, қазір қосылған құн салығына қатысты пікір сан алуан. Өйткені, кей депутаттар қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуге қарсылық білдірді. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіндегі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін төмендету идеясымен және денсаулық сақтау саласына қосымша салық жүктемесін енгізуді де қолдамайтынын жеткізіп отыр. Қалай дегенмен, бір жағынан экономиканың дамуын қамтамасыз ететін, екінші жағынан бизнесті ынталандыратын оң шешім қажет. Бүгін келелі кеңес пен ұтымды ұсыныс болады деп сенеміз.
Азамат бүгін тек салық мәселесі қарала ма, әлде тағы заң жобалары бар ма?
Қаржыға қатысты тағы бір заң жобасы бар. Нақтырақ, қаржы нарығын дамыту және сол бағытта тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі бойынша заң жобасы екінші оқылымда қаралады. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірнеше норма ұсынған еді. Мысалға, несие алуға алғаш рет жүгінген азаматтарға банк немесе микроқаржы ұйымының бөлімшесіне баруы міндет болмақ. Сондай-ақ, кей азаматтар үшін несиені «электрондық үкімет» порталы арқылы келісім берілгеннен кейін ғана қабылданып, қарыз беру керек деген талап бар. Мұның бәрі әлі ұсыныс. Бірнеше сағаттан кейін нақты шешімдер белгілі болады.
Азамат Бейбітұлы
