Әлемнің бірқатар дамыған елінде коммуналдық қызмет тарифтері өсіп жатыр. Бағаның өсуіне қуат көздерінің қымбаттауы, инфрақұрылымның тозуы, ал кей елдердің таза, әрі тұрақты энергия көздеріне көшуі себеп. Салық жеңілдіктері мен субсидиялардың да ықпалы бар. Тағы қандай себептері бар? Толығырақ Арай Төлегенқызының материалында.
Сәуірдің бірінен бастап Ұлыбританияда газ және электр қуатының бағасы қымбаттады. Жылдық есеппен алғанда әр үй үшін бұл көрсеткіш 111 фунт стерлингке өсіп, 1849 фунт стерлингке жеткен. Бұған газдың қымбаттауы, жаңартылатын энергия өндіруде қиындықтардың туындауы себеп болды. Мысалы, былтыр Еуропаның солтүстігінде жел аз соғып, электр станцияларында қуат аз өндірілді. Сонымен бірге шетелдік мигранттар кетіп, Ұлыбританияда жұмыс күші азайды. Бұл да қымбатшылыққа әкелді.
Cаша Яншин, сарапшы:
Тұтынушылар жылу мен жарық үшін қазір өте жоғары ақы төлеп отыр. Егде жастағы кісілер ақша үнемдеу үшін қыста пеш қоспай, бүрсең қағып жүр. Сондықтан біз болашақта экономикамыздың толығымен жасыл болуына ұмтылуымыз керек. Ал мықты экономика құру үшін тарифтерді көтеру керек. Бұл – уақыт талабына сай табиғи үдеріс.
Ал Австралияда былтыр электр энергиясының көтерме бағасы 83 пайызға жоғарылаған. Тарифтердің өсуіне елдің жаңартылатын энергия көздеріне көшуі ықпал етті. Атап айтқанда, желілер ескірген, көмір электр станциялары жабылған. Салдарынан электр қуатының тапшылығы туындады. Баламалы қуат көздеріне көшуді қолға алған үкімет таза энергияға инвестиция салатын компанияларға салық жеңілдіктері мен субсидиялар ұсынады. Бұл өз кезегінде баға өсуіне әкелді.
Артуро Моралес, тұрғын:
Тұрғындар үшін бұл оңайға соқпайды. Әсіресе табысы төмен отбасыларға қиын болды. Коммуналдық төлем қымбат шығады деп алаңдаймыз.
Германияда электр қуатына тарифтердің өсуіне экологиялық, экономикалық және саяси факторлар себеп. Табиғи қуат көздеріне көшу, қымбат газ импортына тәуелділік, көмір станцияларының жабылуы, сонымен бірге Украинадағы соғыс тұтынушылар үшін электр энергиясының қымбаттауына әкелді. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 40 пайызға жеткен. Оның үстіне Германия 2045 жылға таман көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейді. Бұл да қысқа мерзімде коммуналдық тарифтердің өсуін қажет етеді.
Канадада 2023-2024 жылдары электр энергиясы 15 пайызға қымбаттаған. Бұған табиғи газ бағасының өсуі, инфляцияның жоғары болуы әсер етті. Оның қатарында жаңартылатын қуат көздеріне көшу үшін инвестиция құю, инфрақұрылымды модернизациялау да бар. Үкімет көмірқышқыл газының бөлінуін азайту мақсатында жаңа экологиялық салық енгізіп жатыр. Бұл өз кезегінде көмір мен газдың, сәйкесінше тарифтердің одан әрі қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Арай Төлегенқызы
