Дохада 1500 қазақстандық бар
Қатар астанасы Дохада зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Қатарда 1 жарым мың отандасымыз бар. Дипломаттар жағдайды ұдайы бақылауда ұстап, олармен байланыста болады.
Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Консулдық есепте тұрған кісілер бар. Олармен байланыстамыз. Одан тыс есепке тұрмаған кісілердің саны одан үш есе көп. Рейстер ұшып жатыр. Екі мемлекет арасындағы рейс көп. Сондықтан кез келгеніне отырып, біздің азаматтар қаласа, келе береді.
Дохада 800-ден астам қазақстандық жұмыс бабымен жүр. Солардың бірі Дархан Омаровтың айтуынша, қазір қалада қауіп сейілді. Тұрғындар бүгін әдеттегідей жұмыстарына барған.
Дархан Омаров, қала тұрғыны:
Кешегі болған жарылыс көбімізді біраз шошытты. Маған дауысы естілмеді. Бірақ таныс, достарымның айтуынша, газ жарылғандай болған. Дегенмен бүгін жұмыста отырмыз. Қауіп сейілді деген сезім бар. Қатардағы қазақ қауымдастығында бауырмашылдық жақсы. Осындай жағдай болған кезде бір-біріміздің қал-жағдайымызды біліп отырамыз.
Ал 700-дей отандасымыз Дохаға демалысқа барған. «Туристік қамқор» қорының айтуынша, қазақстандықтар таңдаған қонақүйлер әуе соққысы болған жерден алыс орналасқан. Сондықтан оларға ешқандай қауіп төнген жоқ.
Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» қорының директоры:
Туристерден ешқандай арыз түскен жоқ, туристік аумақтарда бәрі тыныш. Қатар елінің ресми өкілдері онда қатынауға ешқандай кедергі қоймады. Туристер қауіпсіз аумақтарда демалып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
