Әлем елдері Израильдің шабуылын сынға алды
Әлем назары – Қатарда. Сейсенбіде Израиль «ХАМАС» қозғалысының Дохадағы лидерлерін нысанаға алып, шабуыл жасаған. 6 адам қаза тапты. Бұл әрекетті жаһан елдері қатаң сынға алды. Ондаған жылдар бойы Доха қауіпсіз келіссөз алаңы болған еді. Қатар үкіметі бұл рөлді жалғастыруға ештеңе кедергі бола алмайды деп мәлімдеді.
Сейсенбіде Израиль Қатар астанасында жарылыс ұйымдастырды. Көздегені – «ХАМАС» қозғалысының Дохадағы штаб-пәтері. Нысанаға алынған ғимаратта сол сәтте Газадағы атысты тоқтату бойынша келіссөзге қатысушы делегаттар бас қосқан. Олар АҚШ-тың бітім туралы жаңа ұсынысын талқылап жатса керек. Израильдің соққысынан кейін «ХАМАС» тобы өз лидерлерінің бәрі тірі қалды деп мәлімдеді. Шабуыл барысында Израиль күштері 15 жойғыш ұшақ, ұшқышсыз аппараттарды қолданған. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху бұл операцияға өзі санкция бергенін айтты.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
Израильдің қауіпсіздік ұйымдарының жетекшілерін жинап, «ХАМАС» тобының лаңкес басшыларына дәлдеп соққы беруге рұқсат еттім. Олар 7 қазандағы жантүршігерлік қырғынды жоспарлап, іске асырып, тойлаған.
Қатар билігі болса, Израильдің Дохадағы адам тұратын ауданға шабуылына құқықтық жауап беру үшін заңгерлер тобын құрды. Мұны осы елдің үкімет басшысы әрі сыртқы істер министрі Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани мәлімдеді. Оның сөзінше, Газадағы атысты тоқтату келіссөзі АҚШ-тың ұсынысымен жалғасып келді. Ал Израиль тарапы өңірде бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған қадамдарға нұқсан келтірді деп айыптады.
Шейх Мұхаммед Бен Абдулрахман Әл-Тани, Қатардың премьер-министрі және сыртқы істер министрі:
Израильдің Қатар жеріне жасаған шабуылын мемлекеттік терроризм және өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіру әрекеті деп есептейміз. Нетаньяхудың өзі Таяу Шығысты қайта құрамын деп мәлімдеді. Бұл оның сонымен бірге Парсы шығанағын да өзгертуге ниетті екенін білдіре ме?
Әлем елдері Израильдің Қатарға соққы жасауын сынға алды. Олардың қатарында Қазақстан, Сауд Арабиясы, БАӘ, Иордания, Мысыр, Түркия, Германия, Араб мемлекеттерінің лигасы бар. АҚШ президенті Дональд Трамп та Израильдің соққысына риза емес екенін білдірді. Алайда тікелей сынаған жоқ. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш шабуылды Қатардың егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу деп атады.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
Шектен тыс әскери шығындар бейбітшілікке кепілдік бермейді. Керісінше, қарулану жарысын күшейтіп, сенімсіздікті тереңдетеді, ресурстарды тұрақтылыққа бағыттауға кедергі болады.
20 жыл төңірегінде Қатар әлемдік келіссөз алаңы боп келді. Ал соңғы жағдайдан кейін бұл қалай өзгеруі мүмкін? Доха Вашингтонмен және Каирмен бірге Газадағы соғыс кезінде Израиль мен Хамас арасында араағайындық танытты. Қатар үкіметінің басшысы Доха бұл рөлін жалғастырады деп мәлімдеді. Алайда Әл-Танидың айтуынша, Израильдің шабуылынан кейін келесі келіссөздердің өміршең болуы екіталай.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
