Депутаттар салық кодексіне қатысты кейбір ұсынысқа қарсы шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар салық кодексіне қатысты кейбір ұсынысқа қарсы шықты

08.04.2025

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясы қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуге қарсылық білдірді. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін төмендету идеясымен келіспейтінін және денсаулық сақтау саласына қосымша салық жүктемесін енгізуді де қолдамайтынын жеткізді. Ал партия төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет бір жағынан экономиканың дамуын қамтамасыз ететінін, екінші жағынан бизнесті ынталандыратын тетіктерді әзірлеуі керектігін айтты. Бұл ретте бюджет тапшылығы мәселесі жүйелі түрде шешілуі керек. Үкімет қазіргі шығындарды жабу үшін Ұлттық қордан үнемі қаражат алуды тоқтатуы тиіс деді Ерлан Қошанов.

Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы:

Бизнестің өркендеуі мен экономиканың орнықты дамуы, халықтың әл-ауқаты да мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуы – осы салық кодексімен тығыз байланысты. Сондықтан салық заңнамасын сапалы, әділ, ашық және болжамды болуына біз қол жеткізуіміз керек. Бұл – біздің және Үкімет пен Парламенттің ортақ міндеті.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу