Абай облысының әкімі тұрғындарға бейнеүндеу жариялады. Берік Уәли тазалыққа мән беріп, өңір жұртшылығын жаппай сенбілікке атсалысуға шақыруда. Әкімдік тарапынан түрлі жобалар жалғаса бермек. Биыл 400 шақырым жол жөнделеді. 77 мың түп ағаш отырғызылып, Семейдегі 22 аула абаттандырылмақ. 8 қоғамдық кеңістік ашылады. Облыс орталығына 60 жаңа автобус алынып, 210 аялдама құрылады. Қала мен аудандарда көшелер жарықтандырылмақ.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Туған жеріміздің тазалығы үшін жұмылу - әрқайсымыздың перзенттік парызымыз. Мен осы ретте бизнес өкілдерін, іргелі оқу орындарын, патриот жастар мен еріктілерді, бірлігі жарасқан кәсіпорындар мен ұйымдарды ос игі іске ат салысуға шақырамын.
Облыс әкімінің үндеуін қала тұрғындары мен жастар жағы да қолдап жатыр. Жалпыөңірлік сенбілік қорытындысы бойынша «Үздік аудан», «Үздік аула», «Үздік мекеме» сынды байқау да жарияланбақ. Оның нәтижесінде қомақты сыйлықтар тағайындалады.
Ержан Жақып
