1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Осыған орай ақтөбелік оқушылар ұя жасап, мектептердің ауласындағы ағаштарға орнатты. Ұйымдастырушылар бұл шара табиғатқа деген жанашырлық қана емес, сонымен бірге балаларды адамгершілікке, ізгілікке үндейді дейді. Ал ғалымдар соңғы жылдары құстардың кейбір түрлері азайып, кейбірінің өмір сүру ареалы өзгергенін айтып отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Оқушылар бүгін 50-ге жуық ұя орнатты. Балалардың қиялында шек жоқ, олар әртүрлі тұрмыстық бұйымдарды қолданған. Мына біреуі тіпті бейнебақылау камерасына қатты ұқсайды.
Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияда өткен шараға бастауыш сынып оқушылары мен олардың ата-аналары шақырылған. Балалар табиғатқа, құстарға деген жанашырлықтарын алдымен өнерлері арқылы жеткізуге тырысты. Олар ұя жасауға құлшына кіріскендерін айтады.
Адиля Жұмағазиева, оқушы:
Біз құстар адамның досы деп, құстарға ұя жасадық. Құстарды қорғап, аялауды ойладық. Бәрі ұя жасап, құстарға қойып жатырмыз.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген шараға мектеп ауласы алдын ала дайындалған. Аумақ тазартылып, ағаштар әктелген. Ал оқушылар ұяларды әкелерімен және мектеп ұстаздарымен бірге орнатты. Олар бұл жер құстардың сүйікті орнына айналуына сенімді. Дегенмен ғалымдардың айтуынша, соңғы жылдары торғай мен көгершін секілді құстардың өзі азая бастаған. Кейбірі тіршілік ету ортасын өзгерткен. Оған басты себептің бірі – урбанизация.
Әбдімұрат Әбдукәрімов, биолог-ғалым:
Құс Ақтөбе облысында азайып жатыр. Оның себебі – бұрынғы саябақтар қазір үй болып кетті. Бұрынғы көгалды жерлер азайды. Бұрынғы қала үлкен қалаға айналғаннан кейін құстардың тіршілік ету ареалы қаладан сыртқа қарай ауысып жатыр.
Ақтөбелік жастар мен оқушылар табиғатқа деген қамқорлық шараларын одан әрі жалғастыра бермек. Мұндай акциялар өңірдегі өзге де білім беру мекемелерінде өткізіледі.
Жақсыбек Кемал
