Оралда «Заң мен тәртіп» жобасын іске асыру аясында құқық қорғау саласының қызметкерлері студенттермен кездесті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура, қаржы мониторингі және полиция өкілдері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосты. Әр адамның өз құқығы мен міндеттерін түсіндірді. Заң бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қаралғанын еске салды. Қоғамда заң үстемдік құруының маңыздылығын баса айтты. Студенттер өз кезегінде сұрақ қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Біржан Хайруллин, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда Парламентте заң жобасы қаралып жатыр. Мысалы, егерде адам пара беруге уәде еткен болса, оның қылмыстық жауапкершілігін күшейту мәселесі. Және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды қабылдамаған жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелері жөнінде заңдар қаралуда.
Мейрамбек Советов, студент:
Қазір алаяқтар бейтаныс нөмірден хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, картаның барлық нөмірін айтып, ол бұғатталып қалды деп сылтауратып адамдарды алдап жатыр. Сол себепті осы шарада өз-өзімізді қалай қорғауды және ондай жайттарға сенбеуді түсіндірген болатын.
Ардақ Мұратқызы
