Сербияның Ниш қаласында 8 күнге созлыған әйелдер боксынан әлем чемпионатында, қазақ елінің арулары ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Бес қызымыз ақтық айқасқа шығып, соның үшеуі алтын алса, екеуі күміспен күптелді. Тағы бір қола жүлдеміз бар. Бұл сында қазақ спортының тарихы жаңарып, 48 келіде өнер көрсеткен Назым Қызайбай қазақтың бұрымды боксшылар арасында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Париж ойындарының қоласына қол созғанан кейін, Назым көп демалмастан бірден жаттығу залына қайта оралған. Ондағы мақсаты әлемдік додаға қатысып, үш дүркін дүниежүзін мойындатқан қазақ қызы атануы болатын. Сол мақсатына Сербияда өткен әлем чемпионатына қол жеткізді. 48 келінің финалында Назым ресейлік азулы қарсыласпен жұдырықтасты. Бірінші раундттан жекпе -жекті өз қолына алмаса, алтын, арман болып қалатын жете түсінді. Екінші кезеңде де сауатты қорғана жүріп, дәл соққылар жасай білді. Ал соңғы раундта өзінің мол тәжірибесіне сүйеніп, қарсыласқа соққы дарытуына еш мүмкіндік бермей айқын басымдылыққа қол жеткізді. Назымның құрметіне қазақ елінің көкбайрағы көкте көтеріліп, әнұранымыз Сербия төрінде шарықтады.
Назымның жеңісті жолынан өзінің соңынан ерген сіңілісі Алуа Балқыбекова жалғастырды. Біздің қыздың еншісінде әлем чемпионаттарының күмісі де қоласы да бар еді. Жетпей тұрғаны тек алтын болатын. Қолда тұрған медальдан айырылып қалмас үшін жерлесіміз барын салды. 50 келі салмақта қытай спортшысымен бас жүлдені сарапқа салған Алуа қарсыласына бірініші раундтан еш мүмкіндік бермей жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.
60 келі салмақта өнер көрсеткен Виктория Графеева болса, орыс қызына есе жіберіп, күміспен күптелді. Ал 63 келіде шаршы алаңға шыққан Аида Әбікеева да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Өзінің байырғы қарсыласы тай спортшысымен қолғап түйстірген ол, үш раундта таза жеңіске қол жетікізіп, құрама қоржынына үшінші алтын жүлдені салды.
