Ақтөбеде пошташылар жалақыларын көтеруді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде пошташылар жалақыларын көтеруді талап етті

14.03.2025

65 мың теңге жалақымен жан бағу мүмкін бе.? Осындай жалақы алып жүрген ақтөбелік пошташылар еңбекақыларының аздығына шағымданды. Айтуларынша, осы айда табыстары тіпті төмендеп кеткен. Негізгі айлықтан бөлек келісім-шарт негізінде төленетін ақшалары да көп емес.

Пошташылар босқа жүрген жоқ. Олар күн сайын бірнеше шақырым жаяу жүріп, хат пен газет тасиды. Алайда, алатын ақшамыз еңбегімізге сай емес дейді. Штаттық және келісімшарт бойынша төленетін ақшаларын қосқанның өзінде 130 мыңға да жетпейді. Көбі бұл салада он бес-жиырма жылдан бері жүргендіктен, басқа қызметке ауысудың да оңай еместігін айтады.

Ардақ Әлиева, пошташы:

Бұл айда бізде 63 мың болып тұрғаны, ұстап қалып тұр ғой, әлеуметтік төлем деп, келісімшарттан ұстап қалып тұр. Бізде екі жақтан да медициналық сақтандыру ұстайды. Дәрігерге барып қаралып жатқан ештеңеміз жоқ. Не сырқатқа байланысты демалысқа шыға алмаймыз. Жиырма жыл болып қалды ғой, әлі күнге дейін демалысқа да шығып көрген жоқпын.

Пошташыларға бір хатты жеткізгені үшін 85, ал, газетке бар болғаны 12 теңге ғана төленеді. Яғни, тиыннан теңге құрау үшін күн сайын шарқ ұрып, шақырымдарды жаяу жүріп өтеді.

Күләш Әлпаева, пошташы:

Дымға жетпейді ғой ол. Маған құдайға шүкір, балаларым көмектеседі ғой, мына несиесі бар, пәтер жалдап тұратын жастарға қиын ғой. Итке де таланып жатыр, қолды да сындырып жатыр. Біздің жұмысты істеген адам біледі, қандай қиын екенін.

Амалы таусылған қызметкерлер поштаның бас кеңсесіне келіп, жалақысын өсіруді талап етті. Мекеме басшысының айтуынша, қызметкерлерге өздерінің жүктемелеріне сай жалақы төленеді. Дегенмен пошташылармен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ асуға уәде берді.

Динара Хасанғалиева, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры:

Қазір біз соны қарастырып жатырмыз. Қазір нақты шешім қабылдағанша ештеңе айта алмаймын. Қанша хат, қанша газет апарады, біреулер 150,180 мың алатындары да бар.Адамның қалай жұмыс істейтініне байланысты. Мысалы, біреулер екі сағатқа келеді жұмысқа. Біреулер күні бойы істейді, соған байланысты байланысты.

«Қазпоштаның» өңірлік филиалында 650 шамасында қызметкер бар. Оның елуден астамы келісім-шарт бойынша хат, газет тасумен айналысады.Басшылық олардың жүктемесін қайта қарауға уәде берді. Алайда жалақысы өсе ме, жоқ па әзірге белгісіз.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу