Ұлттық құрылтайдың алғашқы секциялық отырысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құрылтайдың алғашқы секциялық отырысы басталды

13.03.2025

Бурабайда алқалы жиын. Жаңа ғана Ұлттық құрылтайдың алғашқы секциялық отырысы басталды. Осылайша белсенділер бүгін күні бойы төрт түрлі бағыттағы мәселені негізгі отырыс алдында талқылайды. 

Айя Мүтәлі, тілші:

Қайта жаңғырған Ұлттық құрылтайдың бұл – төртінші отырысы. Алғашқы басқосу – ұлт ұясы Ұлытауда, екінші жиын – түркі жұртының қарашаңырағы Түркістанда, өткен жылы шежірелі Атырауда өтті. Биыл құрылтай мүшелерінің Бурабайға шақырылуы да тегін емес. Қазақ тарихында бұл өңір Абылай хан талай рет орда тігіп, тағдырлы шешімдер қабылданған мекен ретінде белгілі. Бүгін де осында маңызды бастамалар көтерілмек. Түске дейін құрылтай аясында екі сессия өтеді. Онда қазақ мәдениеті мен руханияты, азаматтық қоғамның дамуы талқыланады. Ал түстен кейін құрылтай мүшелері білім мен ғылым, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша пікір алмасады. Ал ертең Президенттің қатысуымен негізгі отырыс өтеді. Үш жыл ішінде Ұлттық құрылтай ел дамуына ықпал ететін, қоғамдық пікір қалыптастыратын тұрақты диалог алаңына айналып үлгергені атап өткен жөн. Былтыр Атырауда өткен жиында белсенділер 149 ұсыныс көтеріп, жылдың соңына дейін тоғыз заң қабылданды. Яғни, әйелдер құқығы мен бала қауіпсіздігіне қатысты заңдар бекітіліп, вейп өнімдерін сатуға тыйым салынды. Сондай-ақ, Президент вандализм мен заңсыз ойын бизнесіне қатысты жазаны қатаңдату туралы құжатқа да қол қойды. Мұның барлығы – Ұлттық құрылтайдың қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шешімдер ұсынатын ықпалды құрылымға айналып келе жатқанының айғағы. 


Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу