Жамбыл облысында есек қаптап кетті
Жамбылдың ен даласында есек қаптап, жұрттың жайылымын жайпап барады. Ашынған шаруалар мал жаю мүмкін емес дейді.
Айтуларынша, бүгінде Талас және Байзақ ауданының шекаралас жайылымында жүрген есек саны 2 мыңнан асқан. Осыншама тұяқтыны жапан далаға жиған тараздық кәсіпкер шаруалардың шабындығына жібере салған. Кәсіпкердің өзімен байланысу мүмкін болмады. Ал азық таппай аштан қырылғандарының өлекселері өзен суымен ағып жатқандықтан ауру тарай ма деп алаңдайды.
Жаңабай Есімов, Бостандық ауылының тұрғыны:
Өлексе деген тола жан-жақта. Толған өлекселерді бір шұқыр қазып, көміп тастаса бір сәрі ғой. Қыста біздің малымыз не жейді? Қу тақырда малды қырып алмаймыз ба? Ол малды да біз 2,5% несиеге алғанбыз.
Үсен Бисенов, Шахан ауылының тұрғыны:
Мына қора-қопсы, қожалық осы есекке жақын жердегілер есектің кесірінен бәрін тастап, қоныс аударып кетті. Жайылым жоқ, бәрі тап-тақыр. Өзіміздің қазағымыз мал бағып отырған, қазір бәрі бос тұр.
Ал Байзақ ауданының әкімі есектен құтыла алмай отырмыз дейді. Оның еті мен сүтін Қытайға өткіземін деген кәсіпкер жеке біреудің жерін жалдап, санын көбейткен. Шаруалар шағымынан кейін бір ай бұрын өзге өңірге алып кететін болған. Бірақ содан бері еш хабар жоқ дейді. Ал облыстық Ветеринария басқармасы өлгендерінің өлексесін сараптамаға жіберген.
Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары:
Құртатын қандай жолы бар? Бір жолын айтыңыздаршы маған. Не істейміз? Соямыз ба? Біз былтырдан бері Ауыл шаруашылығы министрілігімен жасыл дәліз ашып беру рұқсатын күтіп отырмыз. Яғни, олар Қытай тарабымен келіседі. Келіссөздер жүріп жатыр. Қытаймен келісу оңай емес. Қазіргі таңда чиптелді, базада тұр. Қытай тарабы жасыл дәлізді ашқан кезде ол есектің барлығын Қытайға алып кету туралы талап қойып отырмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
