Басты Жаңалықтар Алматыда туризм саласындағы әйелдердің рөлі талқыланды

Алматыда туризм саласындағы әйелдердің рөлі талқыланды

Алматыда туризм саласындағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған халықаралық конференция басталды. Іс-шараның өтуіне Біріккен Ұлттар Ұйымының Туризм ұйымы мен Almaty Tourism Bureau мұрындық болған. Негізгі мақсат – туризм саласында гендерлік теңдік орнатып, әйелдердің кәсіби және көшбасшылық әлеуетін арттыру дейді ұйымдастырушылар. Басқосу – Біріккен Ұлттар Ұйымының Centre Stage атты флагмандық бастамасының маңызды бөлігі.

Форумның алғашқы күнінде Еуропа мен Орталық Азия елдерінің өкілдері жиналды. Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту – туризмнің тұрақты дамуының басты бағыты. Көп ғасырлық мәдениеті мен экономикасында әйелдердің рөлі ерекше Қазақстан бұл ғаламдық бағдарламаға белсене қатысып отыр, дейді шетелдік сарапшылар.

Зорица Урошевич, БҰҰ Туризм ұйымының атқарушы директоры:

Бүгінгі форум гендерлік теңдікті дамытып, болашаққа серпін береріне сенімдімін. Қазақстан мен аймақ елдері үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Біз Алматыда осындай маңызды бастаманың өтіп жатқанына қуаныштымыз. Шаһарға алғаш рет келіп тұрмын. 

Қазір әлемде туризм саласында жұмыс істейтіндердің 54 пайызы әйелдер. Алайда олардың небәрі 12 пайызы ғана басшылық қызмет атқарады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама осы олқылықтың орнын толтырып, туризм саласының өркендеуіне ықпал етеді.

Дияр Ысқақов, «Almaty Tourism Bureau» орталығының басшысы:

Мақсатымыз – осы конференция арқылы жүйелі өзгерістердің бастауына жол ашу. Әйелдерге көбірек мүмкіндік, көбірек теңдік және кәсіби өсуге кең өріс беру. Кез келген адам тіркеліп, туризм саласын дамытуға өз үлесін қоса алады.

Конференция аясында 200 маман арнайы оқудан өтеді. Әйел кәсіпкерлерге арналған жаңа жобалар да осы бағдарлама аясында жүзеге асады. Ертең де жалғасатын жиынның басты мақсаты – туризмді тең мүмкіндік пен әділдік қағидаттары негізінде дамыту  дейді сарапшылар.


Бөлісу