Зейнетақы қорындағы 642 млрд теңге тіс емдеуге жұмсалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы қорындағы 642 млрд теңге тіс емдеуге жұмсалған

06.03.2025

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшаларын тіс емдетуге жұмсаудан рекорд орнатып жатыр. Былтыр 172 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілген. Бұл - бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Зейнетақы қорындағы қаражатты тісті емдетуге алудың талаптары күшейтіліп, түрлі шектеулер енгізілгенімен қаражатты алушылар саны азаймаған. Керісінше өсіп келеді. Самал Қабышеваның бейнематериалы.

Астаналық Айжан Молдақұлова осымен екінші рет зейнетақы қорындағы қаражатқа тісін емдетіп жатқанын айтады. Жұмсаған қаражаты да аз емес. Шығыны миллионға жуықтап қалған.

Айжан Молдақұлова, қала тұрғыны:

Тіс емдеу - өте қымбат қазір. Имплант қойылса, емдеуі күрделі болса 350-500 мың теңгеге дейін кетеді. Бірінші рет келгенде 350 мың жұмсадым. Екіншісінде 450 мың теңге кетті. Сондықтан зейнетақы қорындағы ақшаны тісті емдеуге жұмсау өте ыңғайлы мен үшін. Кредит, біреуден қарыз алу емес бұл. Өзіңнің тапқан ақшаңды жұмсайтындықтан ыңғайлы.

Айжан сынды зейнетақы қорындағы қаражатын миллиондап тіске жұмсайтын қазақстандықтардың саны артқан. Бағдарлама жүзеге асқан 2021 жылдан бері 642 млдр теңге тіс емдеуге жұмсалған. Былтыр өтініш саны рекордттық көрсеткішке жеткен. Ел тұрғындары 172 млрд теңгеге стоматологиялық қызметтер алған. Ал зейнетақы қорындағы ақшаға тісін емдетуге ниеттенгендердің 98 пайызының өтініші қабылданады екен. Басты талап - қаражат шектік мөлшерден асуы тиіс.

Стоматолог-дәрігер Кәмшат Қонысбаева құжаттар дұрыс болса, қаражат 4-5 жұмыс күн ішінде түсетінін айтады. Ал зейнетақы қорындағы ақшаға тісін емдетушілер саны артқан сайын, емдеушілерге де талап күшейген. Мақсат - қаражаттың нақты емге жұмсалуын қамтамасыз ету.

Кәмшат Қонысбаева, стоматолог-дәрігер:

Біз фотограф емеспіз. Бірақ жаңа талапқа сай осындай фотопротокол енгізуді зейнетақы қоры бізден талап етті. 1 млн теңгеге сол фотоаппаратты алдық. Фотопротоколды дәлелдеп, түсіру жұмыстарымен айналысудамыз. 

Самал Қабышева, тілші:

Тіс мамандарына фотоға дұрыс түсіруді меңгеруге тура келеді. Себебі зейнетақы қорындағы қаражатты тісті емдетуге аударту үшін емге дейінгі және емнен кейінгі фотосуреттерін ұсыну қажет. Яғни қаражаттың 70 пайызы емге дейін, қалған 30 пайызы емнен кейін аударылады. Бұл фотодәлелдер толықтай ұсынылмаса, зейнетақы қоры қаражатты кері қайтарып алуға құқылы.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу