Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы шараларға көмектесу үшін Қарағанды облысынан 50 сарбаз жіберілді. Сонымен қатар бұл жұмысқа Петропавлдағы Ұлттық ұлан курсанттары жұмылдырылды. Әскерилер бөгеттері нығайтып жатыр. Қазір негізгі күш былтырғы табиғи апат кезінде ең көп зардап шеккен Қызылжар ауданында жұмылдырылған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Қызылжар ауданында кешеден бері қар жауып, боран соғып тұр. Қолайсыз ауа райына қарамастан сарбаздар таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін тыным таппай еңбек етуде. Әскерилер мынадай қаптарға құмды тиеп, бөгеттерді нығайтып жатыр.
Серікзат Сабыр, Қарағанды қаласындағы М.Мамраев атындағы 52859 әскери бөлімінің сарбазы:
2024 жылы Қостанай облысында біраз үйлер суға кетті. Менің өзімнің үйім суға кетті. Содан кейін су тасқынының қандай қасірет екенін білемін. ТЖ болады, алдын аламыз дегеннен кейін осында өзім сұрандым, солтүстікте болады дегеннен кейін.
Бекжігіт Ұзақбай, ҚР Ұлттық ұлан академиясының курсанты:
Ұлттық ұлан академиясының курсанттары екі апта бойы осы жұмысты атқарып жатыр. Біз халыққа көмектесу мақсатында жұмыс жасаймыз. Қандай қиыншылық болса да, табандылықпен өткереміз.
Эльмира Кәленова, тілші:
Былтыр Қызылжар ауданында 18 елдімекенді су басты. 1 500-ден астам отбасы баспанасыз қалды. Зардап шеккен азаматтардың бірі Мұрат Қошанұлы.
- Аға биыл тасқынға әзірліктеріңіз қалай?
- Біздің үйге де су келді терезенің жақтауына дейін. Жұрт барлығы осылай не боламыз деп ойлап жүр. Жаз бойы мынау бөгет салынды. Аптасына бір рет, айында 1-2 рет келіп сол байқап жүрмін, жұмыстарын. Жұмыс жақсы жүрді.
Эльмира Кәленова, тілші:
Қазір негізінен елдімекендерде қар шығару, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғындар мен төрт түлікті көшіруге арналған эвакуациялық пункттер әзірленуде.
Асхат Бәкеев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
Мұз жару жұмыстары бойынша біздің ауданда 20 млн теңге бөлінген. 10 наурыздан кейін біз осы жұмыстарды бастаймыз. Алдымен 27 учаске белгіленген.
Эльмира Кәленова, тілші:
Мамандар болжамына сәйкес, биыл былтырғы тасқын қайталанбайды. Дегенмен 116 елді мекен бақылауға алынды. Әсіресе Петропавл қаласы мен Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында табиғи апат қаупі жоғары.
Эльмира Кәленова
