Ақтөбе облысында тұрғындар зиратты жабуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тұрғындар зиратты жабуды талап етті

06.03.2025

Жол жиегі адам қабіріне толған. Ақтөбе қаласына қарасты Өрлеу елді мекенінің тұрғындары ауыл мен облыс орталығының аралығындағы зиратты жабуды талап етті. Айтуларынша жол бойына әлі күнге дейін қайтыс болған адамдар жерленіп жатыр.

Салдарынан көліктердің зиратқа соғылған сәттері де болған. Жазда қорым аумағы қоқысқа толады дейді. Ал, қыста жолды қардан тазартатын техникаларға кедергі көп. Биылдың өзінде жолдың дәл іргесінен бірнеше қабір пайда болыпты. Аумағы үш гектар болатын бұл қорым 2022 жылы сенімгерлік басқаруға берілген.

Ізтұрған Досмағамбетов, Өрлеу ауылының тұрғыны:

Скоро асфальттің үстіне салатын шығар бейіттерін, қайдан білейік. Мынау деген ұят қой. Машиналар өтіп жатыр, қайтқан адамға да обал, гүрілдеп үстінен. Мына ара қоршалынбайды ғой енді. Асфальт бар мына арада, масқара мынау.

Былтыр бұл қорымды жабу туралы қаулы шыққан. Дегенмен марқұмдарды бос орындарға жерлеуге әкімдіктің өзі рұқсат берген. Кәсіпкердің сөзінше, зиратқа тиесілі жердің бір шеті жол жиегіне барып тақалады. Яғни заң бұзбадым дейді. Ал қоршау жұмыстары биыл аяқталуы тиіс.

Әнуар Қожанов, басқарушы компания директорының орынбасары:

Заң бойынша бәрін дұрыс істеп жатырмыз. Ешқандай бұзып жатқан жоқпыз заңды. Территория ішіне жерлеп жатырмыз. Қоршап тастаймыз, кішкене қалды, соны қоршап, бітіріп тастаймыз.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу