2022 жылы Қазақстан Ұлттық құрамасы футболдан Әлем чемпионатына қатысқанын білесіз бе? Бірақ ел намысын ала допты аяқпен теуіп емес, компьютер арқылы ойнаған киберспортшылар қорғаған. Елімізде спорттың жаңа түріне қызығушылық артып келеді. Бірақ бұл орайда көпшіліктің пікірі екі түрлі. Бірі телефонға телміріп, ойынханалардан шықпайтын жастар көбейеді десе, екінші тарап өзіне бақылау жасап ойынды дұрыс жүргізсе, табыс табуға болатынын айтады.
Қасиет Оңғарбек 7 жылдан бері киберспортпен айналысып жүр. Күнделікті еңбегі де, ермегі де осы. Жақында Дубайда өткен әлемдік турнирге қатысып, тәжірибе жинап келген. «Елімізде мықты ойыншылар көп, интернеттің әлсіздігі мен қолдаудың жоқтығы қолбайлау болып тұр», - дейді киберспортшы.
Қасиет Оңғарбек, кәсіпқой киберспортшы:
Жалпы айтқанда киберспорт барлық ойынды қамтиды. Еріккеннің ісі емес. Біріншіден, қазір бұрынғыдай асық ойнау деген жоқ. Мүмкін қолдау болса, балада өзіне деген сенім пайда болады. Сол арқылы табысқа жетеді. Бұл да жұмыстың бір түрі.
Киберспорт – ұялы телефон, компьютер, арнайы құрылғы арқылы ойналатын жарыс. Ұтыс қаражаты қомақты болған соң, қазір әлемдегі ең бай спорттың бірі. Алайда күнде спортзалда тер төгіп, темір көтеріп жаттығып жүрген спортшылар мұны еріккеннің ермегі санайды. Тіпті ондай ойындар баланың психологиясынан бөлек денсаулығына да кері әсер етеді, - дейді.
Санжар Жылқыбаев, бокс жаттықтырушысы:
Киберспортта дене қозғалмайды, бір орында отырады. Одан қандай пайда? Спорт ол дене немесе миды шынықтыру керек. Мысалы, шахмат бар. Оны спортқа жатқыза аламыз.
Иә, бүгінде телефонға тәуелді жастардың қатары артып, салдары да ауыр тиюде. Оған Астана қаласында 21 жастағы жігіттің ойынға кедергі келтірген жақынын жазым еткен оқиға дәлел. Сондықтан психологтар «Киберспорт не табысқа, не ойынқұмарлыққа жеткізеді», - дейді.
Лаура Әліпбаева, психолог:
Ойынқұмарлық пен киберспорт арасында шекара өте жұқа. Ол спортқа бару үшін психологиялық ауытқу болмауы керек. Егер адам өзін бақылай алса, қорқынышты емес. Бірақ тәуелділік пен ойынды ажырата білген дұрыс.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Әлемде киберспорт мүлдем басқаша дамыған. Ол жақта арнайы бір командаға психолог, дәрігер, аспаз қарастырылған. Олар спортшының денсаулығын бақылап отырады. Ал Қазақстан да ондай жағдай әлі қалыптаспаған. Сол үшін киберспортшылар жақын шет елдерге қоныс аударуға мәжбүр.
Жандос Бақытұлы
