Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай Шымкентте жыл бойы 100-ге жуық мәдени көпшілік шара өтеді. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің бастамасымен 30 қайырымды іс атқарылады.
Талапты тәлімгер шәкірттерімен тез тіл табысып кетті. Сабақ кезінде дамуы кенжелеп қалған ерекше балалардың ыңғайына қарап, қасында отырады. Мұнан соң олармен жеке дара жұмыс жүргізеді. Виктория ұлты орыс болғанымен ата-анасының қалауымен бала кезінен қазақ балабақшасында тәрбие алған. Тілді қатарластырымен ойнап жүріп тез үйреніп алдым, - дейді ол.
Виктория Колесникова, педагог-ассистент:
Мен педагог ретінде еліміздің дамуына үлес қосып жатырмын. Мектепте істеп, қазақ сыныбына тілді үйретемін. Орыс қызы болсам да қазақтың салт-дәстүрін, тілін жақсы білемін және сүйемін.
Софья да Виктория секілді қазақы ортада өсті. 6 жасынан бастап спортпен кәсіби шұғылданып келеді. Содан бері әлемдік бәсекеде топ жарып, ел намысын қорғап жүр. Каратэден Азия чемпионы және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.
Совья Берульцева, Токио олимпиадасының қола жүлдегері:
Қазақстанда туып өскен соң қандай ұлт болса да, туған жерің, туған елің. Біздің көкірегімізде Ту болады. Туды ұстап шығасың. Сонан соң Әнұран шырқалған кезде ерекше сезім болады.
Шымкентте Виктория мен Софья секілді ұлты бөлек болғанымен қазақ тілін дәріптеп, спорттық жарыстарда еліміздің Туын желбіретіп жүрген этнос өкілдері жетерлік. 17 этномәдени бірлестік қоғамда бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосып келеді. Биылғы мерейтойға орай «Алғыс» керуені ұйымдастырылып, өзге ұлт өкілдерінің қолөнер және тауар өндірушілер көрмесі өтеді.
Әйгерім Жұмағұлова, қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы:
Қаламызда 9 жоғары оқу орны болса сол жерде студенттерімізге Қазақстан халқы ассамблеясының тарихы, мағынасы, мәнін түсіндіру мақсатында бірқатар семинар-тренинг басталып кетті.
Сондай-ақ қазір ассамблея мүшелерінің көмегімен ерекше балаларға арналған қайырымдылық қоры ғимаратына күрделі жөндеу жасалуда. Осы сияқты шаралар Алғыс айту күнінен бастау алып, жыл соңына дейін жалғаспақ.
Ғани Қалмаханов
