Атырау облысында жылыжай шаруашылығы дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында жылыжай шаруашылығы дамып келеді

20.02.2025

Атырау облысында кенже қалған кәсіптің бірі жылыжай шаруашылығы дамып келеді. Қазір Махамбет ауданындағы 14 жылыжайда бірнеше гектар аумақта қияр мен қызанақ өсіріліп жатыр. Бұл жоба ішкі нарықтағы импорттық тауарлардың үлесін азайтуға мүмкіндік бермек.

Артур Қожантаев жылыжай шаруашылығын 4 жыл бұрын қолға алған. «Аграрлық несие корпорациясынан» несие алып, үй ауласына 3500 шаршы метр жылыжай салды. Жеті адамға жұмыс тауып беріп, жылдың 9 айында тұрғындарды қиярмен қамтамасыз етеді.

Артур Қожантаев, кәсіпкер:

Бұл жылыжайға ең бастысы жылылық керек. Жылы болса, егін шығады. Температура минумум 18 градустан түспеуі керек. Әйтпесе ауырады. Егін ауырса, оны қайтадан емдеу қиын.

Жалпы, облыста 30-дан аса жылыжай шаруашылығы бар. Оның 14-і осы Махамбет ауданында. Шетелдік технологиямен қызанақ өсіретін бұл жылыжай жылына 1600 тонна өнім береді. Барлығы автоматтандырылған. Мұнда 60 шақты адам жұмыс істейді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

4 гектар аумақта орналасқан жылыжайда өнім голландиялық технологиямен өсіріледі. 2 гектардан қызанақ, 2 гектардан қияр өнімі алынып отыр. Жалпы, қызанақ сортына қарай 3 айда піседі. Ал бұған қажетті тыңайтқыштар мен жабдықтардың барлығы шетелден әкелінеді.

Мерей Терлікбаев, агроном:

Оның барлығы сатып алынады, шекарадан өтеді, бәрі шығын. Жалпы, негізі жылыжайдың шығыны көп. Көп жылыжай өзін-өзі жаппайды. Сол үшін жабылып қалады.

Жылыжай өнімдері әлеуметтік баға тұрақтандыру қорына да жеткізіліп отыр. Осы арқылы дүкен сөрелеріндегі өнім халыққа арзан, тиімді бағада сатылады. Ал кәсіпкерлерге көрсеткішті арттыруға коммуналдық қызмет ақысы секілді кедергілер бар. Сондықтан шаруашылықтар Үкімет қолдауына иек артады.

Олжас Мырзабаев, Махамбет аудандық кәсіпкерлік және а/ш бөлімінің басшысы:

Мемлекеттен бұл жылыжайлардың газ отынына 40 пайызға дейін шығынын өтеу қарастырылып жатыр. Жақында аудан бойынша 12 шаруашылық аккредитациядан өткізілді. Осындай қолдау бар. Жылыжайын кеңейткен жағдайда жеңілдетілген несие беріледі.

Өңірдегі Бейбарыс ауылында аумағы 5,6 гектар, қуаттылығы 1300 тоннаға дейін жететін тағы бір жылыжай салынып жатыр. Жоба іске қосылса, көкөніс өнімімен облыс халқын түгел қамтуға болады. Жаңа нысан алдағы қыркүйек айында ашылмақ.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу