Петропавлда саяжай тұрғындары баспанасыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда саяжай тұрғындары баспанасыз қалуы мүмкін

18.02.2025

Петропавлда саяжайда тұрып жатқан 100-ден астам адам далада қалуы мүмкін. Қалалық әкімдік Заречный кентінің тұрғындарын басқа жаққа көшіріп, елдімекенді жабуды жоспарлап отыр. Оған жылда қайталанатын су тасқыны себеп. 250 отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін облыс орталығында жаңадан көпқабатты үйлер салынып жатыр. Ал саяжай иелеріне пәтер берілмейді, дейді шенеуніктер. 40 отбасы табиғи апат болса, қайда барарын білмей дал.

Эльмира Кәленова, тілші:

Есіл өзені тасыса алдымен Заречный тұрғындары зардап шегеді. Былтыр 440 баспананың барлығын су басты. 200-ге жуығы жөндеуге жарамсыз деп танылды. Олардың қатарында қабырғасы ғана қалған мына үй де бар.

Зәуреш Бектұрова былтырғы тасқыннан ес жиып үлгермегенін айтады. Үйдегі жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған. Биыл тағы да қауіпті аймақта тұр. Қалалық әкімдік саяжай иелеріне баспана берілмейтінін айтады. Шенеуніктер кезек тәртібіне сай жер алып, үй салуды ұсынып отыр.

Зәуреш Бектұрова, зейнеткер:

Кім салады үйді, көпбалалы отбасы, кәрі кісілер бар біз сияқты. Анау кісі 1-топ мүгедегі. Ол кісі қалай үй салады. Немесе мен үй салатын шамам жоқ. Сонда білмеймін, сөмкені алып, көше кезіп кетеміз бе? 

Заречный кенті мен саяжай қауымдастығын бір сызық қана бөліп тұр. 40 шақты үй жұрттың жалғыз баспанасы ретінде танылған. Тұрғындардың дені зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар.

Күлдарайым Құсайынова, тұрғын:

2017 жылы суға кеткенде іргетасын 1 метр көтеріп сол үйді салдық. Енді суға кетпейміз, енді су болмайды деп ойладық. Қазір жер берсе де, оны салуға жағдайымыз жоқ. Себебі бізде несие көп. Ақша да жоқ, оны салуға. Үйімізді бұзсақ, қазір біз түк материал ала алмаймыз одан.

Қалада Заречный тұрғындарына арналған 2 көпқабатты баспана салынып жатыр. Жалпы саны 160 пәтер. Қалған отбасыларға өтемақы төленеді немесе әкімдік есебінен баспана сатып алынбақ.

Серік Мұхамадиев, қала әкімі:

Заречный шағын ауданын судан қорғау мүмкін емес. Тиісті сараптама жасалды. Су өткізетін торап, өзеннен жіңішке. Сондықтан тасқын қаупі жоғары. Осы себепті тұрғындарды басқа жаққа көшіру ұйғарылды.

Заречный шағын ауданында мектеп пен колония бар. Қаланың басқа ауданынан жер телімі бөлініп, арнайы мекемемеге арналған ғимараттың құрылысы басталды. Бұл мақсатқа қазынадан 45 млрд теңге жұмсалмақ. Оған екі түзету мекемесі мен тергеу изоляторын көшіру жоспарланған.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу