Биыл көктем ерте келеді және жауын-шашынды болады, сондықтан тасқынға қарсы дайындық шараларын наурыз айына дейін аяқтау қажет. Солтүстік Қазақстан облысына барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауапты органдарға осындай тапсырма жүктеді. Республика бойынша 1223 елдімекен қауіпті аймақта тұр. Эльмира Кәленова тарқатады.
Сергеев қоймасы – Есіл өзенінің ағынын реттейді. Арнасынан аққан су былтырғы сәуір айынан бері тасып жатыр. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша өзен жағалауында орналасқан елді мекендерге қауіп төніп тұр. Былтыр тасқын кезінде су торабының етегіндегі топырақты су шайып кеткен болатын. Қоймаға айтарлықтай зақым келген жоқ. Нысан жұмыс істеп тұр. Олжас Бектенов өңірдегі су қоймаларын бақылап, жағдайды баяндап тұруды тапсырды.
Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» СҚОФ директоры:
278 млн теңге ақша бөлінген болатын. Ол ақшаға осы екі су қоймасындағы су көпірін тексеру жұмыстары өткізілді. Су тасқынына қарсы 20,3 млн теңге ақша бөлінбекші. Мың кубометрдей тас әкелініп, осы жұмыс ары қарай жалғасатын болады. Негіізінде екі су қоймасы биылдыққа су тасқынын өткізуге өте дайын, ешқендай қауіп төніп тұрған жоқ.
Былтырғы тасқын кезінде Петропавл сорғы станиясын су басып, тұрғындар тіршілік нәрінсіз қалды. Нысан 50 жыл бойы жаңғырту көрмеген. Маусым айында басталған жөндеу жұмыстары әлі күнге жалғасуда. 3 млрд теңге жұмсалмақ. Стратегиялық нысанды электр қуатымен үздіксіз қамту үшін ұзындығы 3,5 шақырым жер асты сымдары тартылды.
Премьер-министр су тасқынына қарсы іс-шаралар және техниканың әзірлігін көрді. Облыс әкімдігі дрондар сатып алмақ. Заманауи техника биіктен судың ағынын, мұз кептелістерін анықтайды. Яғни жағдайды бағалап, жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
Ернар Рүстем, ТЖД бас маманы:
Төтенше жағдай кезінде кісі іздеу жұмыстарында, көмек көрсету кезінде қоланамыз. Үлкен қашықтықта түсіретін бейнекамералары бар және жарық жіберетін прожекторлары бар. Тепловизор құралдарымен жабдықталған.
Үкімет басшысы облыс әкімдернің қатысуымен онлайн кеңес өткізді. Әлі де шешілмеген мәселелер бар деген Олжас Бектенов тасқынға әзірлікті наурыз айына дейін аяқтауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Барлық әкімдер тікелей жауап береді. Жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру керек. Бұл әсіресе тәуекел аймағында тұрған өңірлерге қатысты. Әрір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шараларды қабылдайтын өңірлік комиссиялыр құруды тапсырамын.
Тасқын суға төтеп беру мақсатында республика көлемінде 576 шақырым бөгет көтерілді. 800 шақырымнан астам дренаж жүйесі жөнделіп, жаңартылды.
Эльмира Кәленова
