Шымкентте жаңадан бой көтерген «Тұран» шағын ауданындағы бірнеше көшенің құрылысы 6 жылдан бері аяқталатын емес. Жұмысты мерзімінен кешіктіргендерге айыппұл салынғанымен, тұрғындар қыста лай кешіп, жазда шаң жұтып, орталыққа әрең жетіп жүр.
Осыдан он жыл бұрын салына бастаған «Тұранда» ішкі орамдық көшелерді былай қойғанда даңғыл жолдың өзімен жүріп тұру қиын. Жиектері қазылған күйі жатыр, асфальт төселген жол шахмат тақтасы тәріздес.
Лаура Аңдақұлова, қала тұрғыны:
Жаңбыр кезінде мына жердің барлығы су болады. Тротуармен жүрейін десек, ол да толық бітпеген. Үзіліп қала берген. Кішкене төсейді де үзіліп қала береді. Онымен жүре алмайсың.
Шаһардың солтүстік батысында бой көтерген шағын ауданда 70-тен астам ішкі орамдық көше түсуі керек болса соның 13-і бірнеше жолақты даңғыл жолдар. Қауіпті болғанына қарамастан қазір бұл көшелермен автокөліктер жүйткіп жүр.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Құрылысы бітпеген күре жолдың біраз бөлігі әлден мынадай болып бұзылып, қирап жатыр. Табаны дұрыс нығыздалмағандықтан қар мен жаңбыр суы жолындағы бетон наулар мен асфальтты ағызып әкеткен.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасының мүшелері «Тұранда» төселген жолдардың жобалық сметалық құжаттарға сәйкес еместігін де анықтады.
Айжан Кесебаева, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасының мүшесі:
Мониторинг жасау барысында жол төсеу, веложолақтарды жүргізу және суды бұру бойынша қателіктер болғаны анықталды. Тапсырыс берушіге осы қателіктерді түзеу бойынша тиісті хаттар жолданды.
Жол құрылысының тым созылып кетуіне кезінде жоспардан тыс беріліп кеткен жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару ісі себеп. Бүгінгі таңға дейін 96 жер телімінің жартысынан сәл астамы ғана әкімдік иелегіне өткен.
Бақыт Әбдікәрім, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
Екінші мәселе, мердігер мекеме уақытында өз міндетін атқармаған. Сол бойынша шара қолданылды. Айыппұл санкциялары келісімшартта жазылған. Мысалы 1 айға қаралған соммасының 1 пайызы күнге көбейтіліп, штраф салынған.
Жекенің иелігіндегі жер телімін қайтаруға байланысты соттағы дау ұзаққа созылатындықтан жол құрылысының мерзімі тағы ұзартылды. Ал жұмысты кешіктерген 5 мердігер компанияға айыппұл салынды.
Ғани Қалмаханов
