Балтық елдері Ресеймен энергетикалық байланысты 100% үзді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балтық елдері Ресеймен энергетикалық байланысты 100% үзді

13.02.2025

Балтық елдері Ресеймен энергетикалық байланысты 100 пайыз үзді. Латвия, Литва, Эстония Еуропа одағының орталық электр жүйесіне қосылды.

Мына кадрлар бірер күн бұрын Латвияның Виляка қаласы маңында, Ресей шекарасынан 100 метр жерде түсірілді. Балтық жағалауындағы үш республика өздерінің электр жүйесін Ресейдің энергетикалық желісінен ажыратқаны сол-ақ екен, жұмысшылар дереу жұмысқа кірісті. Олар екі елді байланыстырған жоғары вольтты сымды шорт кесіп, оның бір талын жерде тұрған министрге сувенир ретінде табыстады.

Касперс Мельнис, Латвия энергетика министрі:

Бұл алға жасалған тағы бір қадам. Қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздігіміз жайлы айтатын болсақ, кері шегінерге жол жоқ. Біз енді Еуропаның ортақ энергия желісімен ілгері басуға тиіспіз.

Осылайша Латвия, Литва, Эстонияны Ресеймен байланыстыратын соңғы дәнекер үзілді. Үш елді Еуропа одағының энергетикалық желісіне символикалық қосу салтанаты ақпанның 9-да Литва астанасы Вильноюсте өтті.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропа комиссиясының президенті:

Бүгін мерекелейтін күн. Себебі бұның ар жағында энергиядан да үлкен дүние тұр. Ол – еуропалық интеграция, еуропалық егемендік. Осы әрекетімізбен біз одан әрі бірлесіп, тау қопаратын тағы бір күшке ие болып жатырмыз. Литва, Латвия, Эстония – сіздер Еуропаның қақ жүрегіндесіздер. Осы сәт үшін қажымай еңбек еттіңіздер.

Постсоветтік Балтық елдерінде Ресейдің энергия желісінен бөліну идеясы ондаған жылдар бойы талқыланды. Ал 2014 жылы Қырым аннексияланып, 2022 жылы Украинада соғыс басталғаннан кейін Мәскеумен энергетикалық байланысты мүлде тоқтату тіпті өзекті мәселеге айналды.

Дан Йоргенсен, Еуропа одағының энергетика және үй шаруашылығы жөніндегі комиссар:

Энергетика саясаты да қауіпсіздік саясаты екені даусыз. Украинадағы жағдай барлық жағынан тәуелсіз болуымыз керектігін көрсетіп берді.

1990 жылдардың басында Кеңес одағынан тәуелсіздік алған Балтық республикалары 2004 жылы НАТО-ға өтті.

Ал кейінгі кездері Латвия, Литва, Эстония мен Швеция, Финляндия арасындағы электр кабельдері, телекоммунцикациялық желілер және құбырлар бірнеше рет зақымданды. Олар кемелер су астымен зәкір тартқанда үзілсе керек. Ресей болса, бұл саботажға өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу