Шымкентте мектеп жасындағы қырыққа жуық оқушы қыз ата-ана қарауынсыз әлдебір жекеменшік мекемеде жатып тәлім алып келген. Олардың дені кәмелет жасына толмағандар. Бұл жәйтті Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура бірлесіп әшкереледі. Кооператив қоры әке-шешесі бар 28 отбасының қыздарын өз қамқорлығына алған. Ата-аналары оларға қарсылық танытуға шарасыз болған. Оқушылардың алды бұл жерде 3 жыл, кейін келгені 3 ай тұрған. Қор Әділет органының тіркеуіне алынғанымен, балалар мен жасөсіпірмдерге тәлім-тәрбие беру құқына ие емес, дейді мамандар. Бүгінгі таңда арнайы комиссия құрылып, қайырымдылық қордың нақты немен айналысқаны тексерілуде.
Нұрдәулет Абылаев, Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
Мекеме басшылығы бұл мәселені білген. Анықталғаннан кейін бірінші басшысы, директордан бастап қатаң жауапкершілікпен қарадық. Одан кейін мәліметтерді жасыру фактісі бойынша тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекші - бәрінің жауапкершілігі қаралды.
Осы заңсыздық анықталған күні қайырымдылық қорын паналап жүрген 33 қыз Шымкент қаласындағы уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығына жатқызылды. Олардың барлығы дерлік шаһардағы №24 мектепте білім алып келген. Білім ұясының басшылығы мен ұстаздары оқушыларының өз үйлерінде тәрбие алмайтынын білгенімен, тиісті орындарға хабарламаған. Енді балаларды қамқорсыз қалдырған ата-аналар мен ұстаздардың жауапкершілігі қаралады.
Ғани Қалмаханов
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Шымкентте 40 оқушы қыз ата-ана қарауынсыз қайырымдылық қорында тәлім алған&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/index.php/news/206653/)