Қытайда өтіп жатқан қысқы Азия ойындарының 4-жарыс күні аяқталды. Спортшыларымыз ел қоржынын тағы 2 медальмен толықтырды. Сондай-ақ хоккейден ерлер құрамасы плей-офф кезеңіне сәтті өтті. Сонымен, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте нешінші сатыға жайғасты? Әлі тағы қандай спорт түрлерінің өкілдері жүлдеге үмітті. Толығырақ Қытайда жүрген әріптесім Асылбек Данияр айтады.
Асылбек Данияр, тілші:
Бүгін бірінші жүлдені фристайл-акробатикадан аралас командалық сайыста бақ сынаған спортшылар сыйлады. Бұл жарысқа Қазақстаннан бөлек, Жапония мен Қытай қатысты. Атлеттеріміз қорытынды есепте 235,39 ұпай жинап, күміс жүлдеге ие болды. Бұл сында ел намысын Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев пен Асан Асылхан қорғады.
Шерзод Хаширбаев, фристайл-акробатикадан Ұлттық құрама мүшесі:
Ал шаңғы жарысынан 10 шақырымдық еркін стильде сынға түскен отандасымыз Олжас Климин мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола медаль жеңіп алды. Алтын мен күміс болса жапон спортшыларына бұйырды.
Харбиндегі жарыстарға да тоқталсақ. Отандастарымыз конькимен жүгіру спорты бойынша ерлер 500, әйелдер 3000 метрде жекелей сында, сондай-ақ ерлер командалық жарыста бақ сынады. Өкінішке қарай, жүлдеге 1-орын ғана жетпей қалды. Барлық қашықтықта спортшыларымыз 4-орыннан көрінді.
Алтай Жәрдембекұлы, конькимен жүгіру спортынан Ұлттық құрама мүшесі:
Хоккейден ерлер құрамасы топтық кезеңнен сәтті шықты. Кореямен болған матч өте қиын, әрі тартысты өтті. Бірінші кезеңде қарсыластар 1:0 есебімен басым болса, екінші кезеңде хоккейшілеріміз есепті теңестірді. Ал соңғы шешуші шайбаны үшінші кезеңнің соңғы үшінші минутында соғылды. Ұлттық құрамаға жеңіс әкелген шайба авторы - Роман Старченко.
Асылбек Данияр, тілші:
Керлингтен ерлер мен әйелдер арасындағы топтық кезең жалғасып жатыр. Ерлер Филлипиннен 1:4 есебімен ұтылса, әйелдер Тайпейді 14:0 етіп ұтқанмен Қытай спортшыларынан жеңіліп қалды. Дегенмен спортшыларға плей-оффқа шығуға әлі де мүмкіндік бар. Қазір жалпыкомандалық кестеде ұлттық құрама 4-орында тұр. Қоржында 1 алтын, 5 күміс және 3 қола бар.
Асылбек Данияр
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Азиада-2025: Ел қоржынында 9 медаль бар&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/206623/)