Илон Маск пен Дональд Трамп Американың халықаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Илон Маск пен Дональд Трамп Американың халықаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға қарсы

10.02.2025

Америкалық әйгілі миллиардер Илон Маск елдің халықаралық радиоларын жабуға шақырды. Ал Президент Дональд Трамп болса, АҚШ-қа сырттан келетін алюминий мен болатқа үлкен тариф жариялап, Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде «прогресс» барын мәлімдеді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Илон Маск «Азат Еуропа Азаттық радиолары» мен «Америка дауысын» жабуға шақырды. Трамп билікке оралғаннан кейін «Үкімет тиімділігі» атты бейресми департаменттің тізгінін ұстаған миллиардер мұндай жазбаны Х платформасында жариялады. Айтуынша, бұл радиоларды ешкім тыңдамайды, ал Еуропа баяғыдан азат, сондықтан жылына америкалық салық төлеушілердің 1 миллиард доллары текке кетіп жатыр.

АҚШ президенті кәсіпкердің осы сөзіне қатысты әзірге ештеңе айтпаса да, Маск басшылық ететін жаңа департамент жұмысына риза тәрізді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Мен үлкен мақтанышпен айта аламын. Ақылды жастардан жасақталған бұл топтың маған ісі ұнайды. Олар жемқорлықты анықтау қажет. Бізде орасан коррупция әшкереленіп жатыр.

«The Associated Press» агенттігінің хабарлауынша, бизнесмен қаңтардың 20-сында өткен Трамп инаугурациясынан кейін федералдық агенттіктердің ісіне етене араласып, өзі қоғамдық бақылаудан қашқақтап жүр. Және де ол журналистердің сұрағына жауап бермей, Конгресстің бірде-бір тыңдалымына қатыспаған.

Трампқа оралсақ, ол сауда соғысын әрі қарай жалғастырып жатыр. Американың 47-президенті енді Құрама Штаттарға сырттан келетін барлық алюминий мен болатқа 25 пайыз жариялайтынын ескертті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Бұған бірден кірісеміз. Мұны толығырақ жариялаймын. Олар бізден 130 пайыз салық алып жатқанда жауапсыз отыра алмаймыз. Бұлай жалғаса бермеуі керек. 

Трамп бұл мәлімдемені Флоридададан ұлттық футбол лигасының Жаңа Орлеанда өтетін финалына ұшақпен бара жатып жасады. Дәл осы сапарында Трамп Украинадағы соғысты тоқтату бойынша Ресеймен арадағы келіссөздерде ілгерілеушілік барын хабарлады. Және де Трамп Ресей президентімен сөйлескенін мойындады.

Бұл мәліметті бүкіл әлем ақпарат құралдары жариялады. Алайда Кремль оны не растаған жоқ, не жоққа шығармай отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу