Ақтөбе қаласында жеке үй салу үшін он сотық жер алуға өтініш бергендердің саны 162 мыңға жуықтаған. Осы уақытқа дейін тек 2007 жылдың маусым айына дейін кезекке тұрғандардың арызы қаралған. Әкімдік жаңа тұрғын үй алаптарына инженерлік желілерді тартып үлгерер емес. Сондықтан соңғы 3 жылдан бері кезектегілерге жер беру уақытша тоқтап тұр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл – Ақтөбе қаласының іргесіндегі ең ірі «Парасат» деп аталатын тұрғын үй алабы. 2017 жылы осы аумақтан 3 500 жер учаскесі берілген. Одан бері екі жүзден аса үй салынды. Алайда тұрғындар көшіп келе алмай отыр. Өйткені инженерлік желілер тартылмаған.
Сейтқұл Өтешов бұл ауданнан жер алғанда ерекше қуанған еді. Зейнеткер 5 жыл бұрын ауылдағы үйін сатып, бар қаржысын осы құрылысқа салды. Алайда жаңа баспананың қызығын көре алар емес. Тек күніне бір мәрте келіп, дүние-мүлкін қарап кетеді. Өйткені қараусыз ауылды торитын ұры көп.
Сейтқұл Өтешов, қала тұрғыны:
2006 жылы жерге кезекке тұрдық. 2017 жылы берді. Мына үйді бастағанда зейнетке шықтым. Міне биыл 67-ге толамын. Мұның қызығын қашан көрем? Қалаға қызығын көрем деп келдім ғой.
Ақтөбе қаласының айналасынан соңғы 10-15 жылда осындай 54 елдімекен пайда болды. Әлі күнге дейін оның бесеуіне көгілдір отын, алтауына жарық, тоғызына ауыз су тартылмаған. Сондықтан жауаптылар осы аумақтарға инженерлік желілер толық әкелінбей, ешкімге жер берілмейді деген шешімге келген.
Аяжан Әділова, қалалық Жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
Инженерлік желілер өткізілмеген. Осы уақытқа дейін 2007 жылғы кезектегі адамдарға табыс етілді. 2022 жылға дейін табыс етілді, одан бүгінге дейін дайын алаңдардың болмауына байланысты тоқтатылып тұр.
Қазір еліміз бойынша 4 миллион адам жер алуға арыз берген. Мәселен, Астанада 248 мың, Шымкентте 185 мың адам кезекте тұр. Орал, Атырау, Тараз, Түрістан және Ақтау қалаларында да аз емес. Алайда тұрғындардың көбі жерді 10 жылдап күтуге мәжбүр. Алматыда бос жер тіпті жоқ. Сондықтан арыз қабылданбайды. Ал ақтөбеліктер 162 мың адамның бәріне бірдей жер берілсе, облыс орталығы алып ауылға айналып кете ме дейді. Сондықтан бас жоспарға тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін. Әзірге нақты шешімі айтылған жоқ.
Аслан Жарасбаев, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Су жетіспеушілігі бар, кейбір жерлерде газ, су тарту жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Бұл уақытта республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып жатыр. Кезең-кезеңімен жалғасады. Биылдың өзінде республикалық бюджеттен 7 млрд-қа жуық қаржы осы инженерлік желілерге жұмсалады.
Ақтөбе болашақта еліміздің төртінші мегаполисі болуы тиіс. Соған сәйкес бас жоспар қайта қаралады. Яғни кезекте тұрған азаматтарға жер учаскелері қала құрамына жаңадан қосылған елді мекендерден берілуі мүмкін.
Жақсыбек Кемал
