1,8 млрд теңгелік баспана: Аукционға қойылған зәулім үй қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1,8 млрд теңгелік баспана: Аукционға қойылған зәулім үй қандай?

10.02.2025

Астанада құны 1,8 млрд теңгеден асатын зәулім үй сатылымға шығарылды. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі болуы мүмкін. Себебі аукционға шығарылған фотосуреттер 2022 жылы Кәрім Мәсімов ұсталғаннан кейін жарияланған кадрлармен сәйкес келеді. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы аукцион лотында көрсетілген мекенжайға арнайы барып келді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Астана қаласы Нұра ауданына қарасты Қараөткел шағынауданы Ерейментау 1 мекенжайы бойынша орналасқан үй - тура осы. Міне, кіре берісіне келдік. Дегенмен бұл жерге қыс басталғалы бері адам аяғы баспаған тәрізді. Қарда мүлдем із жоқ. Тіпті бұл мекенжай бойынша күзетші де жоқ екен.

Айналасын шолып өттік. Бизнес санаттағы үйлер. Бізді қызықтырған нысан туралы ақпарат сұрайтын тұрғындар да бұл маңайдан табылмады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Үйді жан-жағынан толық айналып шықтық. Басқа кіретін есік таппадық. Жан-жағы осындай биік қоршаумен қоршалған екен. Ішінде не бар екенін де түсіруге мүмкіндік болмады.

Қоршаудың арғы жағындағы нысандарды электронды сауда порталы жариялаған суреттерден ғана көруге болады. Сондай-ақ бұл кадрлар 2022 жылы ҰҚК жариялаған суреттермен сәйкес келеді.

Дегенмен ақпаратты e-qazyna.kz порталынан таптық. Үйдің жалпы көлемі 2900 шаршы метрге жуықтайды. Оның 347 метрі тұруға арналған. Екі бөлек жер телімі тіркелген. Бірінің көлемі 0,94 Га, екіншісі 0,25 Га. Бұл аумақта құжаты рәсімделмеген көлік тұрағы да бар.

Тұрғын үйдің бастапқы бағасы 1 млрд 883 млн теңгеден асады. Аукцион 2025 жылдың 25 ақпанында сағат 10:00-де басталады.

Қайтарылған активтерді сатылымға шығару тәртібі мынадай. Мүліктер немесе бұйымдар активтерді басқару компаниясына өткізіледі. Олар тәуелсіз компаниялар арқылы бағалап, аукционға сатылымға шығарады.

Арман Қаратаев, «Қайтарылған активтерді басқару» компаниясының департамент директоры:

Қазіргі таңда Қазақстан азаматтарының біздің активтерге қызығушылығы жоғары. Тоқталып кетсек, 10 активті біз Қазақстанда аукцион арқылы саттық. Сатылған актив ҚҚС-мен қосқанда 7 млрд-тан астам. Кейбір активтер тез өтеді. Кейбір активтер 2-аукционнан кейін сатылады.

Ал бәссаудадан түскен ақша арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі. Кейін ол мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік жобалардың құрылысына жұмсалады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу