Азиада-2025: Ел қоржынына 3 күміс медаль түсті
Қытайда өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарында ел қоржынына 3 күміс медаль түсті. Жүлдегерлер: шорт-трек, конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортының өкілдері. Харбиндегі екінші жарыс күнінің қорытындысын әріптесім Асылбек Данияр айтады.
Азия ойындарының бірінші жүлдесін шорт-трекшілер сыйлады. 2 000 метр қашықтықтағы аралас командалық эстафетада ел құрамасы мәреге екінші болып жетті. Соңғы 2 айналымға дейін 3-орында келе жатқан спортшыларымыз соңғы 2 айналымда жылдамдықты арттырып Жапония мен Қытайды артта қалдырды. Алтынды Корея құрамасы еншіледі.
Айта кетейік, бұл Қазақстан шорт-трегі тарихына Азия ойындарындағы алғашқы күміс медаль. Бұған дейін тек қола болған. Бұл сында ел намысын: Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Малика Ермек, Алина Әжғалиева қорғады.
Әділ Ғалиахметов, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:
Ерлер мен әйелдер арасында 500 және 1 500 метрдегі финалдық бәсекелер өтті. Өкінішке қарай, отандастарымыз финалға дейін жете алмады. Бұдан бөлек конькимен жүгіру спортынан да ел құрамасына бір медаль түсті. 100 метр қашықтықта Евгений Кошкин күміс медаль иеленді.
Хоккейден ерлер құрамасы тағы да өздерінің мықты екенін дәлелдеді. Жігіттер бітіспес қарсыластары Жапония құрамасын 4:1 есебімен жеңді. Бірінші таймды белсенді бастаған жапондықтар, кейінгі партияларда ұлттық құраманың қақпасынан саңылау таба алмады. Енді жігіттер дүйсенбіде Оңтүстік Кореяға қарсы матч өткізеді. Бұл топтық кезеңдегі соңғы ойын.
Ертең Харбинде шорт-трекшілер мен конькишілер 7 медаль жиынтығын сарапқа салады. Хоккейден әйелдер құрамасы топтық кезеңдегі соңғы ойынын Кореяға қарсы өткізеді. Алайда бұл матчсыз да жерлестеріміз ұпай санымен плей-офқа өтіп тұр. Сондай-ақ, керлингтен әйелдер құрамасы Жапонияға, ерлер Тайпейге қарсы ойын өткізеді.
Асылбек Данияр
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
