Әлемде миллиондаған адам USAID көмегінен айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде миллиондаған адам USAID көмегінен айырылды

08.02.2025

АҚШ соты президент Дональд Трамптың Америка Халықаралық даму агенттігінің мыңдаған қызметкерін демалысқа жіберу туралы шешіміне уақытша тосқауыл қойды. Бұған екі кәсіподақ ұйымының шағымы себеп болған. Вашингтонның жаһандық «жұмсақ күші» Трампқа несімен жақпай қалды? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады

Американың халықаралық даму жөніндегі агенттігі немесе USAID 1961 жылы, яғни, қырғи-қабақ соғыс қызып тұрған шақта сол кездегі президент Джон Кеннедидің бұйрығымен құрылды. Мақсаты – шет мемлекеттерге көмектесу тәсілімен Кеңеc одағының әлемдегі ықпалымен күресу еді. Советтер империясы құлағалы қай заман. Ал USAID жәрдемін жалғастырып, бүгінге дейін жер шарында миллиондаған адамды аштық пен түрлі аурулардан құтқарған екен.

Ноам Юнгер, Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының тұрақты даму директоры:

АҚШ-тың сыртқы көмегі дүниежүзінде орасан маңызға ие. Мәселен, соңғы жиырма жылдың өзінде Құрама Штаттардың СПИД-пен, ВИЧ-пен және безгекпен байланысты бағдарламалары бүкіл әлем бойынша 35 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалды. Бұл бір ғана мысал. Оның операциялары азық-түлік пен таза су қауіпсіздігіне, демократия мен бостандыққа да байланысты.

Бірақ Американың жаңа президентіне өзге елдерге ықпал етуге қолданылған бұл «жұмсақ күш» енді қажет емес тәрізді. Қаңтардың 20-да Дональд Трамп осы агенттік арқылы дүниежүзіне таратылатын барлық көмекті 90 күнге тоқтатты.

Марко Рубио, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

Біз өзіміз үшін жұмыс істейміз. Ешбір мемлекеттік орган бізге не істеу керектігін нұсқай алмайды. Сондықтан президент мені әкімші міндетін атқарушы етіп тағайындады. Бұл агенттік өзін жаһандық қайырымдылық ұйымы деп санайды. Бірақ ол ел мүддесі мен америкалық салық төлеушілердің ақшасын ойламайтын тәрізді.

2023 жылдың өзінде USAID өз жобаларына 38 миллиард доллар жұмсаған екен. Қыруар қаражат. Бірақ бұл – АҚШ-тың 6 триллион долларлық мемлекеттік шығынының 0,6 пайызы ғана. Агенттік жақтастарының сөзінше, USAID гуманитарлық көмектен бөлек, Қытай мен Ресейдің ықпалымен күресіп жатыр.

Осы тұста айта кетсек, Қытайдың шетелдік көмекке бағытталған өз бағдарламасы бар. Ол «Бір белдеу, бір жол» деген атпен танылып, қазір талай елде жұмыс істеп жатыр.

Ноам Юнгер, Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының тұрақты даму директоры:

АҚШ бүгінде негізінен Қытаймен және өзге де қарсыластарымен бүкіл әлемде қарқынды геостратегиялық бәсекеге килігіп отыр. Және де Құрама Штаттар дамушы елдермен серіктестік үшін де күресіп жатыр. Сондықтан шетелге көмектесуден бас тарту АҚШ үшін ұрыс даласында есе жіберумен пара-пар болады.

АҚШ-тың көмегі тоқтауынан суб-сахаралық Африка ең көп зардап шекпек. Бұл аймаққа былтыр 6 жарым миллиард доллардың жәрдемі көрсетілген екен.

Ал Ауғанстан Трамп шешімі апат әкелуі мүмкін. Мұны Норвегия босқындар кеңесінің бас хатшысы Янн Эгеланд ескертті. Айта кетсек, Ауғанстан халқының жартысы – 23 миллион адам қазір гуманитарлық көмекке өте мұқтаж.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу