«Наурыз жұмыскер» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау 17-ші наурыздан басталады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, бағдарламаның тетіктерін түсіндірді. Биыл 2 мың 440 жұмысшыға 72 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларындағы жұмысшыларды қамтымақ. Әлеуметтік осал адамдар үшін несиелеу мөлшерлемесі 7 пайыз, ал қалған санатқа 9 процентпен несие беріледі. Таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді алу үшін 10 пайыз алғашқы жарна құю қажет. Ал әрленбеген бастапқы тұрғын үй мен қайталама тұрғын үйді алу үшін 20 процент алғашқы жарна болу керек.
Ресми ақпаратқа сай, былтыр елімізде көлемі 18,9 млн шаршы метр болатын 172 мыңнан астам жаңа үй салынды. Оның 39 мыңы жеке үй. Бұл жоспарланған көлемнен әлдеқайда көп. Демек кейінгі 10 жылда тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр дейді жауапты министрлік.
Аида Ахметбек
