Ал Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов АҚШ-тың USAID агентігі қандай жобаларды қаржыландырғанын тексеруді ұсынды. Депутаттың пайымынша, Алматыда өткен «әйелдер маршы да» аталған агенттіктің жұмысы. Сондықтан шетелдік демеушілер бөлетін қаржыға аудит жүргізіп, барлық есеп-қисабын жариялауды, мұндай зиянды жобалардан балаларды қорғайтын арнаулы заң жобасын әзірлеуді ұсынып отыр.
Магеррам Магеррамов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қандай қаражат кімге, қайда және қандай мақсатқа бөлінетіндігін, оларды кім алатындығын және елімізде қандай жобаларды жүзеге асыратындығын анықтау қажет деп санаймыз. Өйткені белгілі бір ұранмен кейбір топтардың белсенділігі байқалады. Бірақ бұл – жергілікті қоғамның тарапынан емес, сырттың ықпалымен, оның ішінде сырттай қаржылық қолдаудан туындап отырған бастама.
Ал АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі, яғни USAID Қазақстандағы миссиясының аяқталғанын ресми түрде жариялады. Ұйым өкілдері бұл шешім АҚШ-тың сыртқы саяси стратегиясының өзгеруіне байланысты екенін жеткізді. Бұған дейін Трамп журналистерге берген сұхбатында USAID-ті «радикалды ессіздер басқаратынын» және олардың жұмыстан босатылатынын мәлімдеген еді.
Азамат Бейбітұлы