Басты Жаңалықтар Түркістан облысында «Келешек мектептері» арқасында орын тапшылығы шешіле бастады

Түркістан облысында «Келешек мектептері» арқасында орын тапшылығы шешіле бастады

Президент Жолдауында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғанын, қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуы тиіс екенін айтты. Елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ең көп білім ұясы Түркістан облысында салынуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде барлығы 29 мектептің құрылысы жүргізілсе, оның 13-і өткен оқу жылында пайдалануға берілді. Ал биылғы жаңа оқу жылында тағы 8 мектеп есігін айқара ашты.


Келес ауданының орталығы Абай ауылында салынып жатқан бұл мектеп 600 балаға шақталған. Үш қабатты ғимарат оқушыға қажетті барлық заманауи құралдармен жабдықталған. Кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана мен спорт залы, би алаңы бар. Сондай-ақ медициналық кабинеттер мен бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Қазір құрылысшылар мектепті тапсыруға дайындық үстінде.


Бағлан Икрамов, мердігер компанияның өкілі:


Қазір почти 98 пайыз жұмысымыз бітті. Енді тек қана мебельдерін қойып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сырттағы коммуникация қосылып қойды. Ішкі коммуникация қосылып қойды. Енді тек қана тазалық жұмыстары қалды бізде.


Ауданда тағы Біртілек пен Ғани Мұратбаев елді мекенінде «Келешек мектептері» пайдалануға берілді. Қазір онда мыңға жуық ауыл балалары сапалы білім алуда. Мамандар замануи білім ұялары мектеп тапшылығы мен оқушыларды көрші ауылдарға тасымалдау мәселесін шешкенін айтады.


Мұқағали Омаров, Келес аудандық білім бөлімінің бас маманы:


Біртілек ауылдық округінен 100 бала Омар Есімов мектебіне, 120 бала Әлия Молдағұлова мектебіне тасымалданатын еді сол елді мекендегі. Солар өзінің елді мекеміне қамтылды. Ғани Мұратбаев елді мекенінен мектеп салу арқылы біз ол жердегі мектеп тапшылығы мәселесін шешіп отырмыз.


Мамандар жаңадан қолданысқа берілген «Келешек мектептерінде»  білім беру сапасы ғана емес, оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілгенін айтады.


Нұрлыайым Бегайысова, мұғалім:


Жасанды интеллект қолдануда лэд экран мен интерактивті тақталардың көмегі зор. Сонымен ғана шектеліп қоймай, мектебімізде оқушылар үйірмелерге келсе болады. Осы үйірмелер баланың дамуына, ой өрісінің кемелденуіне үлесін қосады.


Жалпы өңірде екі үш ауысымды және бір апатты мектеп бар. Жауаптылар олардың мәселесі қосымша ғимарат салу арқылы шешілетінін айтты. Ал құрылысы жүріп жатқан 8 «Келешек мектебі» жыл соңына дейін беріледі.


Айнұр Әбілқасымқызы


Бөлісу