Петропавл қалалық әкімдігі 2,5 млн теңгенің аялдамаларын 3 есе қымбат бағаға сатып алған. Былтыр шаһарда 20 жабық нысан орнатылған болатын. Алайда қала тұрғындары қыруар ақшаға алынған аялдаманың игілігін не жаз, не қыс көре алмай келеді.
Эльмира Кәленова, тілші:
Жылы аялдамалар адам көп жүретін орталық көшелерде орнатылды. Қала қазынасынан 170 млн теңге жұмсалды. Биыл әкімдік тағы да ақша бөліп, бірнешеуін сатып алмақ. Саны көбейгенмен, сапасы жақсарады деу қиын.
Қай аялдамаға бас сұқсаң да , осылай қоқыс шашылып жатыр. Жарық пен жылу әлі күнге жоқ. Қаңырап тұрған аялдамалардың құр босқа тұрғаны болмаса, жұртқа пана болғаны шамалы.
Аялдама төңірегіндегі дау нысан орнатылған алғашқы күннен ақ жалғасып келеді. Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Жанат Мұхаметжанов мемлекеттік сатып алу процессінің өзі күмән тудырып отырғанын айтады. Әр аялдаманың құны 8,5 млн теңгеге бағаланған. Ал нарықтағы баға басқа дейді ол.
Жанат Мұхамеджанов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
Бір көзден сатып алу бұл өкінішке орай күмән туғызатын мәселе. Аялдаманың бағалары интернетте 2,5-3 млн теңгенің төңірегінде. Бұндай қаражатқа біздің Петропавл қаласында бір бөлмелі немесе жатақханадан үй сатып алуға болады.
Қалалық әкімдік өкілдері бір жылдан бері қараусыз тұрған аялдамаларға жуық арада жылу беріп, жарық желілерін тартамыз деп сендіріп бақты.
Әсем Айтолла, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
Барлық жылы аялдамалар бойынша ПСД жасалды, техусловие алынды. Қазіргі кезде қосылу жұмыстары жасалып жатыр. Бағасына ПСД жасау және де бір жыл бойы аялдаманы күту бойынша жұмыстар кіреді.
Петропавлда 3 жыл бұрын да бірнеше жылы аялдама орнатылған болатын. Алайда олар әлі күнге жабық тұр.
Эльмира Кәленова
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Петропавлда 170 млн теңгеге сатып алынған аялдамалар кәдеге жарамай тұр&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/index.php/news/206404/)