Павлодарда Кеңес Одағының батыры жайлы кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда Кеңес Одағының батыры жайлы кітап жарық көрді

05.02.2025

Жеңістің 80 жылдығына орай Павлодарда Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаев жайлы жаңа кітап жарыққа шықты. Керекулік қаһарман 17 жасында соғысқа өз еркімен өтініш жазып барған. Бұл жөнінде «халық жауының» баласы қаршадайынан «халықтың ұлы» болуға ұмтылды деп жазды Әзілхан Нұршайықов әскери басылымға. Жеке құжатына «ерекше гриф» деп таңба салынған қазақ жігіті 18 жасында Александр Невский орденімен марапатталған. Кейін қантөгіс шайқастарда 3 мәрте батыр атағына ұсынылып, ақыры Шауляй қаласына кіруге ұмтылған жаудың бір батальон әскерін небары 15 жауынгерімен құртып жіберген соң ғана Қайырбаевқа батыр атағы берілді. Ол кезде небәрі 20 жаста болатын. Кітапта батырдың осы ерлік істері баяндалады.

Мұрат Қайырбаев, батырдың баласы:

Әкем 12 жасында «халық жауының» баласы болды. Атамызды атып тастады, 37 жылы. Сол жағдайға қарамай, өзінің әкесінің атын, абыройын түсірмейін деп, әкесінің Қайырбайдың атын тегі етіп алды. Сосын соғыста, майданда ер жігіттің ерлігін көрсетіп, осындай дәрежеге көтерілді.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу