Әлемнің ірі державалары бір-бірінің тауарларына тариф жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің ірі державалары бір-бірінің тауарларына тариф жариялады

04.02.2025

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қызып барады. Бүгін ресми Бейжің Құрама Штаттардан кек қайтару үшін америкалық импортқа тариф жариялады. Дегенмен президент Дональд Трамп Канада мен Мексика өнімдерінен 25 пайыз салық алу жоспарын бір айға доғарған. Дүниенің ең ірі экономикалық державалары арасындағы тайталасқа Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

Қытай бүгін Америкадан кек алуға кірісті. Бірер сағат бұрын ресми Бейжің Құрама Штаттардан келетін импортқа тариф жариялады. Оған сәйкес америкалық көмірден, сұйытылған газдан 15 пайыз кедендік салық алынуы керек.

Ал АҚШ-тан жеткен мұнайға, ауылшаруашылығы машиналарына, кейбір спорттық автомобильдерге 10 пайыз тариф енгізілуі керек. Бұл шешім алдағы сейсенбіде әрекет ете бастайды.

Қытай мемлекеттік телеарнасының дикторы:

Мемлекеттік кеңестің тарифтік комиссиясы бүгін мәлімдеме жариялады. Онда 2025 жылы қазанның 10-нан бастап АҚШ-тан импортталатын тауарлардың кейбірінен қосымша баж салығы алынатыны айтылған.

Сонымен қатар Қытай Google тәрізді америкалық компанияларға санкция жариялауы мүмкін. Жалпы алғанда бұл мемлекет АҚШ-тан әкелінетін 20 миллиард доллардың өнімдеріне салық салайын деп отыр.

Дегенмен президент Дональд Трамп Қытайдан импортталатын барлық тауарларға, яғни 450 миллиард доллардың заттарына тариф енгізді. Ол туралы бұйрық бүгін күшіне енеді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Біз бұл мәселені де ойластырып жатырмыз. Әңгіме Қытай тауарларынан 10 пайыз салық алу жайында. Себебі Қытай бізге Канада мен Мексика арқылы фентанил есірткісін жіберіп жатыр.

Қытай үкіметі болса, Трамптың есірткі жайлы таққан кінәсін жоққа шығарып отыр.

Кейбір мәліметтерге қарағанда Америка лидері осы апта соңында Қытай төрағасымен кездесуі керек.

Тағы бір айта кететін жайт Трамп Мексика мен Канада тауарларына 25 пайыз тариф жариялау жоспарын бір айға доғарды. Себебі екі солтүстікамерикалық мемлекет наркотрафикпен, ұйымдасқан қылмыспен күрес мақсатында АҚШ-пен арадағы шекаларында күзетті күшейтуге келіскен.

Клаудия Шейнбаум, Мексика президенті:

Арамызда жақсы әңгіме болды. Айтар жаңалығым бар. Біз келісімге келдік. Оған сәйкес солтүстіктегі шекараны қорғауға және Мексикадан АҚШ-қа заңсыз есірткі саудасын тоқтатуға ұлттық гвардия жауынгерлерін жөнелтетін болдық.

Мексика өзінің АҚШ-пен арадағы шекарасына 10 мың сарбаз аттандырмақ. Қытай мен Америка арасындағы сауда соғысы әлемнің акциялар нарығына кері әсер етіп жатыр.

Дүниенің ең ірі экономикасы арасындағы тайталас тіпті күшейіп, жаһандық өсімді тежейді деген алаңдаушылық бар. Сондықтан бүгін Нью-Йорк пен Еуропа биржаларында мыңдаған компанияның құнды қағаздарының бағасын көрсететін индекстер төмендегені байқалды.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу