Жыл басында Астана-Щучинск тасжолында 95 көлік соқтығысқан жол апатына қатысты 6 қылмыстық, 37 әкімшілік іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мәселені бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов көтерді. Осындай ірі жол-көлік оқиғалараының алдын алу үшін саланы цифрландыру, жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жұмыстары да қозғалды. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.
Астана-Щучинск тас жолындағы шу болған ірі жол апатына қатысты іс әлі тергеліп жатыр. Қашан аяқталатыны да әзірге белгісіз. Бұл оқиға қолданыстағы әдістердің тиімсіздігін көрсетті деген Премьер, нақты алгоритмдер енгізуді тапсырды. Қолайсыз ауа райында жолға шықпау туралы түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, жылдамдықты уақытша шектеу жұмыстары қалтқысыз орындалуы тиіс деді ол. Ал жалпы жолдың жағдайын жақсарту үшін атқарылған шаруа шаш етектен, - дейді сала өкілдері. Жоспар да жаман емес. Былтыр рекордтты көлемде 12 мың шақырым жол жөнделген.
Болатбек Айтбаев «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Бас директоры:
2023 жылы жергілікті желіні қамту 89%-ды құраса, 2024 жылы 99%-ға дейін жетті. Сәйкес келмейтін жол-құрылыс материалдары мен ақаулар саны 16%-ға азайды. Сапасыз жұмыстарды қайта құру 5%-ға дейін төмендеді.
Дегенмен мәселе де аз емес. Әсіресе, Абай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті бюджеттен қаржы тым аз бөлінеді. Былтыр қазақстандықтар жол сапасына қатысты үкіметке 40 мыңнан астам шағым түсірген. Жиында үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкіміне қатаң ескерту жасады.
Олжас Бектенов ҚР Премьер-министрі:
Жылдан жылға жақсы жолдардың үлесі өсу керек қой. Жоғары болуы керек. Сіздерде керісінше төмендеп бара жатыр. Тек қана Республикаға мәселелерді атау емес, шешу керек. Жергілікті бюджеттен тиісті қаржыландыру болуы шарт. Бәрін шешіңіздер.
Өңір тұрғындары да жолдың сапасына көңілдері толмайтынын айтып отыр.
Енді жолдың ең нашары біздің жақта ғой. Басқа жерлерде автобан, басқасы бар. Біз Ақсай мен екі ортада жүреміз. Жол жаман, шынында. Дөңгелектер жарылып жатады. Былай қарасаң қаншама адамдар қиналып жатыр.
Жол сапасы нашар ғой. Бір жыл, әрі кетсе, екі жыл тұрады. Болды. Шашылып қалады жолдар.
Машинаның шығыны көп, жөндеуі бар. Шығын шығып жатыр. Жазда жасаған жолдар көктемде ойылып, шұрық-тесігі шығып жатыр. Жайық үстіндегі, Шаған үстіндегі көпірлер де тесік-тесік боп қалды.
Сапасыз жолдарды салатын мердігерлер, ал оны қабылдап алатын жауапты орган өкілдері. Сондықтан бұл бағытта адам қатысуын азайтып, саланы цифрландыру маңызды. Бұдан былай жолдардың жағдайы цифрлық технология, жасанды интелектінің көмегімен тексеріле бастаған.
Марат Қарабаев, Көлік министрі:
Автожол саласындағы қолданыстағы цифрлық жүйелер негізінде «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылып, олар интеграцияланатын болады. Платформа автомобиль жолдары бойынша ақпаратты жинау мен есепке алу жүйесін қамтиды және жол саласын дамыту үдерістерінің ашықтығын, жол активтерін сенімді түрде бақылау мен тиімді басқаруды қамтамасыз етеді.
Келер жылы Алматы мен Алатау қалаларының арасында ұшатын көліктер қатынамақ. Бұл жобаға шетелдік алпауыт компаниялармен қатар қазақстандық кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр.
Жасұлан Мәдиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Пилотсыз көлік үшін осындай бастаманы іске қосу Қазақстанға бірқатар стратегиялық артықшылықтар әкеледі. Біріншіден халықаралық компаниялар мен инвестицияларды тарту. Waymo Google, Tesla, Baidu, Mobileye, Yandex и Huawei сияқты компаниялар пилотсыз сынау үшін икемді реттелетін елдерді белсенді түрде іздейді.
Автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін арттырады. Ел аумағы арқылы өткен әр көлік экономикамыздың өсуіне елеулі үлес қоспақ. Олар міндетті салықтардан бөлек, жүріп өткен жолының әр шақырымына да ақы төлейді.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазіргі уақытта елімізде 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істеп тұр. 2024 жылы бұл жүйеден түскен кіріс 48 миллиард теңге болды. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы жол іске қосылады, олардың кірісі 60 миллиард теңгеге жетеді, ал келесі жылы бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Оңғар Алпысбайұлы