Қаңтардағы ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 150 талапкер 130-дан жоғары балл жинады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, үш аптада 126 мыңдай адам тест тапсырған. Оның ішінде ерекше білімді қажет ететін 295 бітіруші бар. Шекті балды 72%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балл – 67. Білім сынағындағы ең көп 138 балды шымкенттік оқушы алған. Ал ереже бұзған 142 баланың нәтижесі жойылды. Олар тыйым салынған заттарды пайдаланған және тестілеу ережесіне бағынбаған. Талапкерлердің 78,7% қазақ тілінде, 21,2% орыс, қалғаны ағылшын тілінде тапсырған. Қатысушылардың 17,8%-ы «Биология-Химия» комбинациясын, 17,2%-ы «Математика-Физика», 10,4%-ы «Математика-Информатиканы» таңдаған. Қаңтар айындағы ҰБТ 10 ақпанға дейін өтеді.
Айта кетейік, тестілеудің нәтижесі мемлекеттік грант конкурсына жарамайды, тек ақылы оқитындар үшін жарамды.
Асылбек Данияр