Канада, Мексика және Қытай Дональд Трамптың шешіміне жауап ретінде америкалық тауарларға қарсы тариф әзірлеп жатқанын ескертті. Айта кетсек, сенбі күні Трамп Канада мен Мексикадан келетін импорттық өнімдерге 25 пайыз, қытайлық тауарларға 10 пайыз тариф жариялады.
Трамптың мәлімдеуінше, мұндай шешім осы елдерден Құрама Штаттарға барып жатқан есірткіні тоқтату үшін қабылданған. Алайда үш мемлекет өздеріне тағылған кінәні жоққа шығарып отыр.
Кейбір экономистердің ойынша, кедендік салықты күрт өсіру және оған жауап беру жаһандық сауда соғысының жаңа дәуірін бастап, тауарлар құнын шарықтатып жіберуі мүмкін.
Томас Сэмпсон, Лондон экономика мектебінің доценті:
Меніңше, мұны пайдасыз сауда соғысы деп атаған жөн. Одан АҚШ, Канада, Мексикада қарапайым тұтынушылар ұтылайын деп отыр. Осы тарифтердің кесірінен, мысалы, Құрама Штаттардағы үй шаруашылықтарының табысы бір пайызға немесе шамамен мың долларға қысқарады. Мұны АҚШ-тың салық саясаты орталығының сараптамасы көрсетіп берді. Ал Канада мен Мексика тұрғындары америкалықтарға қарағанда әлдеқайда көп зардап шегуі мүмкін.
Трамптың тарифтерінен кейін әлемдік экономикалық өсім тежеледі деген болжам долларға сұранысты күшейтті. Бүгін Америка ақшасы 0,4 пайызға нығайып, Қытай валютасы юаньды рекордтық деңгейге дейін әлсіретті. Сонымен қатар Канада мен Мексика төлем бірліктері де доллардың қасында айтарлықтай құнсызданып жатыр.
Арыстан Рысбек