Өткен хабарда айтқанымыздай, бензин бағасы қымбаттады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Біздің болжамымыз бойынша алғашқыда мұнай өнімдерінің бағасы 5 теңгеден артық көтерілмейді. Көрсеткіштер осы межеде болады деп сенеміз», – деген.
«Мұнай өнімдерінің бағасының күрт көтерілуіне жол берілмейді, ол үшін мемлекетте барлық тетіктер бар», - деп қосып қойды. Сонымен қазір еліміз бойынша АИ-92 маркалы бензиннің бағасы орта есеппен 205 теңге.
Жанар майдың бағасы бұдан кейін де өседі. Себебі бұл нарықты мемлекеттік реттеуді кезең-кезеңімен алып тастауға шешім шыққан. «Біздің елімізде көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан, сондықтан көлеңкелі бизнес әл бермей кетті, ақыр соңында бізде қайта-қайта тапшылық туады» дейді құзырлы министрлік.
Сонымен бірге 1 ақпаннан бастап елде сұйылтылған газдың тоннасы көтерме саудада 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін өссе, бөлшек саудада аймақтарға байланысты 6-21 теңгеге дейін қосылды.
Дүйсенбі сайын Парламент Мәжілісінде өтетін дәстүрлі Үкімет сағатында бұл жолы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі талқыланды. Сайлаушылардың шағымы көп, өте көп екені белгілі. Депутаттар да сұрақты қарша боратты.
«Соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты. Ал халықтың қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген». Бұл Мәжіліс Төрағасының орынбасары Д. Еспаеваның айтқаны.
Ал қосымша баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтың есебінше, 2020 жылдан бастап қызметкерлер мен жұмыс берушінің жарналары 252 миллиард теңгеден 959 миллиард теңгеге дейін өскен. Мемлекет жарнасы, керісінше, азайған. Былтыр республикалық бюджеттен түскен қаржы 500 миллиард теңгеден аспаған.
«Бұл 500 миллиард азаматтардың емделуіне төленбеген ақша – мыңдаған жасалмаған ота, оңалту, ондаған мың адамға берілмеген дәрі-дәрмек. Бұған біздің азаматтардың мыңдаған аяқталмаған МРТ және компьютерлік томографиялары мен кезек күтулері кіреді», - деді А.Аймағамбетов.
2023 жылдың сәуірінде Президент денсаулық сақтаудың бірыңғай платформасын аяқтауды тапсырған. Бірақ екі айдан кейін екі жыл болады, электрондық жүйе әлі жоқ.
Нәтижесінде майдан қыл суырғандай тазаламаса, бұл жүйе кем дегенде «күдік туғызатын» деп сипаттайтын әрекеттерге толы, әміршіл, формальді, тіпті безбүйрек системаға айналған. Елдос Есенболдың сараптамасы.