Павлодар облысында толық жөнделген жылу қазандығынан ақау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында толық жөнделген жылу қазандығынан ақау шықты

30.01.2025

Павлодар облысы Железинка ауданындағы былтыр жазда толық жөнделген жылу қазандығы қай-қайта істен шығып, елді әбігерге салды. Мектепте сабақ тоқтатылып, 130 жеке меншік үй мен 33 мекеме қызметкері жылуға жарымай, тоңып отыр.

Железинка ауданы орталығындағы жылу құбырларының 60 пайызы шіріп тұр. Жиі жарылады, бірақ дереу жөнделеді. Ал мына жылу қазандығы өткен жазда бастан аяқ жөнделген. Бюджеттен 138 млн теңге қаржы бөлініпті. Орталық магистральден жылу алып отырған тұрғындар ескі қазандықтан дәл бұлай жаурамаған едік дейді.

Бауыржан Құрманбаев, Железинка ауылының тұрғыны:

Осы қыста 3-рет ақау шықты. Ремонт істегенде ешқандай бақылау болған жоқ, кім істеді, қалай істеді - білмеймін.

Күн сәл суытып, жылу беру қысымы көтерілсе болды, қазандық істен шығады екен. Сейсенбі күні 130-ға тарта жеке меншік үйде жылу температурасы түсіп, 30-дан аса мекеме қызметкерлері тоқ жылытқыштарға қарап қалды. Мектепте оқушылар қашықтан оқуға көшірілді.

Маржан Алшынбаев, Железинка аудандық оқу бөлімінің басшысы:

Магистральдік құбырда кемшілік болды ғой, ақау шықты. Содан кейін мына қазандықтардан шықты. Сондықтан біз қашықтан оқытуға ауыстырдық.

Бүкіл ауданнан бюджет қаржысына жөнделген жылу қазандығының жағдайын түсіндіріп беретін бір мемлекеттік қызметкер таппадық. Тек «Көмек» деп аталатын мемлекеттік мекеменің бас инженері сұқбат беруге келісті.

Игорь Еремин, «Көмек» МҚК бас инженері:

Қазандықтың жылу беретін құбырында жарық шығып, жылу алмастырғышта су қатып қалды. Дәл қазір жылытып, ақау шыққан жерді жамап қойдық. Нысандарға жылу беріліп жатыр. Біраздан кейін қысымды көтереміз.

Биыл өңірде қыс жайлы болып тұр. Ауа температурасы 10-15 градустан аспайды. Ал Железинканың орталық қазандығына тәуелді тұрғындардың дегбірі қашқан. Алды 30-40 градус аяз келсе, пеш жағамыз деп көмір ала бастаған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу