Америкалық компаниялардың акциялары құлдырап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалық компаниялардың акциялары құлдырап жатыр

28.01.2025

Қытайлық компания жасаған чат-бот әлем биржаларында үлкен байбаламға себеп болып отыр. Жаңа қосымша пайда болғаннан Американың жасанды интеллект саласындағы үстемдігіне сенім сетінеп, акциялары күрт құнсызданып, ірі технологиялық компаниялар кешеден бері жүздеген миллиард доллардан айрылды.

Қытайдың DeepSeek, қазақша айтқанда «Терең ізденіс» компаниясы тегін чат-бот шығарды. Ол ойлау қабілеті жағынан америкалық ChatGPT-ді басып озған. Және де арзан чипті қолданатын бұл платформа АҚШ-та, Қытайда, Ұлыбританияда ең көп жүктелген ақысыз қосымшаға айналып отыр.

Осыған байланысты жасанды интеллект саласында «Құрама штаттар жетекші ел деген» түсінікке қазір күмән күшейді.

Брайан Джаклбсен, Annex Wealth Management компаниясының бас экономисі:

Иә, DeepSeek - тағы бір жасанды интеллект компаниясы. Ол шынында да АҚШ-тағы Chat GPT, Lama, Gemini тәрізді ірі ойыншыларға бәсекелес болуға әрекеттеніп жатыр.

DeepSeek компаниясын 2023 жылы Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Ханчжоу қаласында Лянь Вэньфэн құрған.

40 жастағы ақпарат және электрондық инженерия факультетінің түлегі Лянь жақында Қытай премьер-министрі Ли Цянмен кездесіп, әлем назарына ілікті.

Оның «Терең ізденіс» чат-ботының пайда болуы инвесторарды ғана емес, АҚШ президентін де алаңдатып отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Қытайлық компанияның DeepSeek чатын жарыққа шығаруы біздегі осы сала мамандарына мына жайтты аңғартуы керек: біз жеңіске жетуге баса назар аударуға тиіспіз. Елімізде ұлы ғалымдар бар. Оны Қытай басшылығы да мойындаған.

DeepSeek-ті жасауға небары 6 миллион доллар жұмсалған. Ал америкалықтар мұндай технологияны зерттеп, іске қосуға миллиардтаған доллар шығындады.

Брайан Джакобсен, Annex Wealth Management компаниясының бас экономисі:

Бұл жағдай расында да «мұқтаждық – өнертапқыштықтың анасы» деген көне сөзге дәлел. Оларда АҚШ-тағы компаниялар жұмсаған ондаған миллиард доллар жоқ. Қытайлықтар мұндай дүниені тапшы бюджетпен-ақ жасай білді.

Тағы бір айта кететін жайт, DeepSeek пайда болысымен қаржы нарықтарында Nvidia, SoftBank, Alphabet, Microsoft сияқты алып технологиялық компаниялардың акциялары 2 пайыздан 17 пайызға дейін арзандады.

Сол құлдырау салдарынан чип жасаудан әлемде көш басында тұрған америкалық Nvidia 600 миллиард долларға жуық қаражат жоғалтқан.

Себебі инвесторлардың чиптар мен мәлімет өңдейтін орталықтарға сұраныс артады деген сенімі аяқ астынан сетінеп отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу